Русский Сайттың толық нұсқасы

Бүгін - Қадір түні

  • AstanaTV
  • 19 мамыр 2020
  • 4289

Қадір түні - тағдыр түні. Биыл мұсылман күнтізбесінде мамырдың 19-нан 20-на қараған түн Қадір түні болып белгіленді. Яғни бүгін ұйықтамай құлшылық ететін қаситетті түн. Мың айдан да қайырлы бұл түннің ерекшеліктері де жетіп артылады. Қасиетті түн жайлы әріптесім Асылбек Даниярдың репортажы.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:


Бүгін жылына бір келетін Қасиетті қадір түні. Бұл ұлық түнде Жаратушы Иенің пенделеріне берер сыйы да мол. Раббымыз өз құлдарына басқа түндерде бермеген ризық-несібесін осы түнде үлестіреді. Сол себепті, мұсылман қауымы Қадір түнін тағатсыздана күтеді және тиімді пайдалануға тырысады. Жылда мешітке жиналатын жамағат биыл коронавирусқа  байланыста сауапты түнді үйлерінде өткізуге тура келеді.

Қазақстанда COVID-19-дың етек жаюына байланысты мешіттердің жұмыс уақытына шектеу қойылған. 18 мамырдан бастап құлшылық жасаушыларға Алланың ақ үйі тек күндіз ғана ашық. Сондықтан биыл Қадір түнін үйде өткізуге шешім қабылданған.

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ:


Бұл түнді үйде қарсы алу керектігін баса айтқым келеді. Мешіттеріміз ашылғанмен тек қана күндізгі уақытта таңғы сағат 07:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін Алла қаласа ашық болады. Жоғарыда атап өткенімдей, елімізде төтенше жағдай аяқталғанымен жұқпалы індеттің қаупі толық сейілген жоқ.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құлшылық қай жерде жасалғаны маңызды емес. Ең бастысы жүректен шықса болғаны деді. Қасиетті Қадір кешінде, басқарма уағыз-насихат пен пайдалы дәрістерді телеарналар арқылы онлайн өткізбекші. 

Ерболат ЖҮСІПОВ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ "ӘЗІРЕТ СҰЛТАН" МЕШІТІНІҢ ЖӘНЕ НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ:


Біздің жалпы мешіттерімізден нақытырақ айтқанда "Әзірет Сұлтан" мешітінен бүгін тікелей эфирде әр түрлі бағдарламалар болады. Осы Рамазан айының басында өздеріңіз білетіндей Құранның хатымға біз ниет қылдық  сол басталып бүгін жасалып нүктесі қойылады.

Ислам дінінде қасиетті ай- Рамазан, қасиетті күн - Жұма, қасиетті түн - Қадір түні болып есептелінеді. Ғалымдардың айтуынша, жұп күннен тақ күнге өткен түн Қадір түні болмақ. Яғни, Оразаның соңғы он күндігіндегі тақ күндерде жасалған құлшылық қабыл болады деген түсінік те бар.

Ерболат ЖҮСІПОВ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ "ӘЗІРЕТ СҰЛТАН" МЕШІТІНІҢ ЖӘНЕ НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ:


"О, Алла сен кешірімдісің! Кешірімді жақсы көресің. Мені кешіре гөр!"  деп яғни барынша осы дұғаны жасасақ. Көбірек құлшылық жасайық, көбірек  истиғфар айтайық, көбірек шамамыз келсе құран оқиық. Көбірек отбасымыздың еліміздің амандығын сұрайық.


Қасиетті түннің әрбір секунды сауапқа толы. 1 секунд 28 сағаттық, 1 минут 58 күндік. 1 сағат 9 жылдан астам, 1 түн 83 жыл 4 айлық сауапқа татиды дейді имамдар.

А. Данияр