Русский Сайттың толық нұсқасы

«Теңізшевройл» компаниясы жабылуы мүмкін,- А.Есмағанбетова

  • AstanaTV
  • 20 мамыр 2020
  • 4587

«Теңізшевройл» компаниясы жабылуы мүмкін. Өйткені мұнда індет дендеген. Бұл туралы бас мемлекеттік санитарлық дәрігер айтты. Ал, Елордада күн сайын дүкен сатушыларынан коронавирус анықталып жатыр.  Жалпы, соңғы кезде медицина мекемелеріне ауру белігілерімен жүгінетіндердің саны да артқан. Көпшілігі ірі компанияның жұмысшылары. Олар індетті қалай және кімнен жұқтырған? Әріптесім Асылбек Данияр тарқатады.

Республика бойынша COVID-19-ды жұқтырғандардың жалпы саны 7000-ға таяды. Бас санитарлық дәрігер  қауіпсіздік талаптарын пысқырмайтындардың көп екенін айтады. Елорданың өзінде 358 нысан тексеріліп, оның 85 -і санитарлық нормаларды орындамағаны анықталыпты. Сол себепті оның зардабын сатушылар көруде деді.

Айжан ЕСМАҒАНБЕТОВА, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК БАС САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІ:


Бұл талаптарды азық-түлік және азық-түлік сатпайтын басқа да дүкендер сақтамай отыр. Сатушылар маскасыз. Тіпті, қорғаныш құралдары мен антисептикте пайдаланбайды. Сонымен бірге, нан өнімдерін сатуда талапқа сай емес. Нұр-Сұлтанда күнде дерлік дүкен сатушыларының арасынан коронавирус жағдайы тіркеліп жатыр.

Аты жаман ауру "Теңіз" кешенінде де дендеп тұр. Қазіргі уақытта кәсіпорынның 1000-ға тарта жұмысшысынан инфекция табылыпты. Бұған алаңдаған мамандар, жағдайға толық көз жеткізу үшін аймаққа үкіметтік комиссия жіберілген.

Айжан ЕСМАҒАНБЕТОВА, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК БАС САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІ:

Індетке шалдығу көрсеткішінің өсіміне жабық ұжымдардағы науқастар санының артуы себеп болып отыр. Бүгінгі күні "Теңіз" кенішінде сырқаттанушылардың артуы байқалады. Сондықтан кәсіпорын жақын арада жабылуы ықтимал. Қарағанды облысындағы «Қазақмыс» коропорациясының 35 шахтері ауырып жатыр. Кеншілердің көбі Ақтау мен Теміртау қаласында тұрады.

Қарағанды облысында коронавирусты "Қазақмыс"корпорациясының шахтерлері де жаппай жұқтырды. Мұнда бірден 35 науқас анықталды. Қазір кәсіпорынға кіру және шығу тежелген. Шахтерлермен қарым-қатынаста болған азаматтар да оқшауланыпты. Өндірістік мекеме бұған қарамастан жұмысты әрі қарай жалғастырамыз деп отыр.

"ҚАЗАҚМЫС КОРПОРАЦИЯСЫ" ЖШС БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Қазіргі уақытта жағдай бақылауда. "Нұрқазған" кенішінің қызметкерлерін ПТР әдісімен тестілеу жүргізіледі. Ағымдағы жылдың 01 маусымынан бастап" Нұрқазған "кеніші уәкілетті органның барлық қосымша санитарлық нұсқамаларын сақтай отырып, жұмыстың вахталық әдісіне көшеді, бұл КВИ ауруларының тәуекелдерін едәуір азайтуға мүмкіндік береді.


Сондай-ақ, Шымкент қаласында "PetroKazakhstan Oil Production" компаниясының 101 қызметкері кеселді жұқтырған. 23 науқас компаниямен жұмыс істейтін мердігерлік ұйымдардың жұмысшылары, 69 адам дерттілермен байланыста болған.

Ербол САДЫР, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Кең көлемде скрининг жасау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазіргі кезде осында 794 азаматтан скрининг алынған. Қазіргі күні бүгінгі таңдағы жағдайда барлық тиісті азаматтарға оқшаулау жұмыстары жүргізілген.


Бас санитарлық дәрігер дәмханаларда қоғамдық арақашықтықты сақтай отырып 30 адамға дейін ауызашар өткізуге рұқсат берді. Бірақ үйге 30-50 қонақ шақыруға тыйым салды. Бұған дейін туған күнге қатысқан 8 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.

А. Данияр