Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде Орталық базардың саудагерлері әкімдікке баса-көктеп кірді

  • AstanaTV
  • 25 мамыр 2020
  • 3930

Бүгін Ақтөбедегі Орталық базардың жүздеген саудагерлері қала әкімдігіне баса көктеп кірді. Олар базарды ашуды талап етті. Наурыз айынан бері жұмыссыз отырған халық, күн көрістің қиындағанына шағымданды. Оның үстіне миллиондаған ақшаға әкелінген тауардың маусымы мен сақтау мерзімі өтіп жатқанын жеткізді. 

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Ашынған саудагерлер 200 адам қол қойған ашық хатты облыс және қала әкімінің атына жолдап отыр. Олардың барлығы Орталық базардың ашылуын талап етеді. 


Балтабай САРМАНОВ, САУДАГЕР:


Қанша ақшаға алған заттарымыздың бәрі сезоны кетіп, қазір заттар уже модасы кетіп жатыр. Қаншама ақшамыз күйіп кетіп жатыр.

Мақпал ТҰРСЫНОВА, САУДАРГЕР:

Қаншама халық базардың арқасында жүр. Бөтен жұмыс жоқ. 42500 төленбеді. Ол ақша болады ма?! Айналайын ашындар. Аштан өлуге қалдық. Ашыңдар!


Бұл базардан үш мыңнан астам адам нәпақа тауып отыр.  Азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар сататын сауда қатарлары бүгінде қаңырап бос тұр. Тек маусымдық бау-бақша өнімдерін саудалауға кіре беріске рұқсат берілген. Жиналғандардың барлығы егер базар ашылса, санитарлық талаптарды сақтауға дайын.

Диляфуз МАМАДЖАНОВА, САУДАГЕР:

Үкіметтен сұрайтыным галстук таққан ағалар дұрыс шешім қабылдаңыздар. Қаншама халық. Обал болды. Вирус бар. Эпидемиологтар жұмыс жасап жатыр. Біздің колхозный базар сіздердің қойған барлық талаптарды орындаймыз. Біздің де жұмысымыз ғой. Екі-үш баламыз бар. Асырау керекпіз.

Халыққа мән-жайды түсіндіруге санитар дәрігерлер келді. Олар аймақтағы ахуалды алға тартып, кеселге шалдыққандардың саны жиырма пайыздан асып кеткенін айтты. Сондықтан қазір базарды ашуға болмайтынын түсіндірді.

Аманжол ӨТЕҒАЛИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТАУАРЛАР ЖӘНЕ КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


Республикалық бас дәрігердің қаулысы бойынша жеті пайыздан ауру көбейетін болса мұндай адам көп шоғырланатын жерлерді ашуға рұқсат берілмейді. Сіздер айтқандай елу, жүз адамнан жіберсе қалай болады деген сияқты сұрақтар әлі қаралады.


Бұл жауапқа қанағаттанбаған саудагерлер ашық хаттарын алып қала әкімдігіне баса көктеп барды. Бірақ шаһар басшысы төбе көрсетпеді. Әкімдіктегілер қараша халықтың талаптарын ескеретінін болды. Бірақ ол үшін облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақтануы тиіс деді.

Б. Рахметова