Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда бір көшенің тұрғындары орталық судан құр қалды

  • AstanaTV
  • 26 мамыр 2020
  • 3056

Алматының Алатау ауданына ауыз суын жүргізген мердігелер бір көшені сусыз қалдырды. Жылдар бойы күткен орталық су 23 үйді айналып өткен. Қалалық құбырдан құр қалған тұрғындар бір айдан бері мәселенің шешімін таппай келеді. Мердігер жобалаушы мекемеге, жобалаушылар тапсырыс берген әкімдікке сілтеген. Сусыз отырған жұртпен тілдесіп қайтқан тілші тарқатады.

Аршын КЕМЕЛЖАН, ТІЛШІ:


«64» Талабы орындалмаған Самғау ықшам ауданы тұрғындарының тағаты таусылды. Жылдар бойы сұраған ауыз су мен кәріз құбыры мына мен тұрған көшеге тартылып, жанында тұрған екінші көшедегі жиырмадан аса үйге жетпей қалған. Ауыз су бұйырмаған жұрт бір айдан бері мердігер компаниялар мен әкімдіктің табалдырығын тоздырыпты.


Самғау ықшам ауданындағы көшелерге құбыр тарту бір ай бұрын басталыпты. Ұзындығы шамамен 20 шақырым болады. Алайда, инженерлік желіден бірқатар отбасы құр қалған. 

Саин СЕЙСЕНБЕТОВ, МЕРДІГЕР:


Смета бойынша бізде мысалға 416 үй қарастырылды. Бірақ өтіп санағанымызда 500-ден астам үй шықты. Ол мәселе менің қолымда емес, мен оны шеше алмаймын. Бізге бұйрық келсе, «салып беріңдер» десе біз салып береміз.

Тұрғындар карантин кезінде әкімдікке кіре алмағандарын айтады. Телефонмен де талай хабарласқанымен, мардымды жауап ала алмаған. Олар өздері су мен кәріз құбыры жетпей қалған үйлердің тізімін жасапты. Назардан тыс қалған 23 ауланың әрқайсысында кем дегенде 3-4 пәтер бар екен. Яғни, сусыз қалған үйлердің жалпы саны жүзге жуықтайды деп отыр. 

Валентина ПАШАБЕКОВА, ТҰРҒЫН:

Мұндағы бір үйде төрт пәтер бар. Ал, орталық су екі үйге тартылған. Қалғандары тағы да жобада жоқ. Бұл бассыздықты шешу үшін аудандық, қалалық әкімдікке барып, жауап ала алмай қайттық. Мұндай болар білгенде рұқсат бермейтін едік. Осындай ыстық күнде сусыз қалдық.

Дәрия АБДУЛМАНОВА, ТҰРҒЫН:

Кінәлі жобалаушы, сол кісінің кінәсі. Сол кісі бұны бастамас бұрын бізді жинау керек еді, халықтан сұрау керек еді, қай үйде қанша адам тұрады. Бұл жерде бәрі іркес-тіркес салынған үй ғой Кеңес одағының кезінде салынған. Бұл кісі алғанда басты-басты көшелерді сызып-сызып беріп кеткен болды. Қалғанында шатағы жоқ.


Құрылыс жұмыстарына жауапты қалалық шенділер аталған ықшам ауданның сметалық құжаты алты жыл бұрын дайындалғанын жеткізді. Инженерлік желіден құр қалған үйлер соңғы жылдары салынған, дейді. Оларға құбыр тартуға Алатау ауданы бюджетінен қаржы қарастырылмағанын айтты. Енді өгей күйін кешкендер жеке қаражатпен ғана тартып алуына болады.

Нұрлан ӨМІРХАНОВ, АЛМАТЫ қ. ЭНЕРГОТИІМДІЛІК ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Ол біздің жобада қарастырылмаған. Бізде жобада 416 үй қарастырылған. Біз сол жоба төңірегінде бәрін қосып береміз. 02/12- қазір құрылыс жүріп жатқан кезде қосылуына мүмкіндік бар. Өздері бөлек компанияны тартып, қазір қосылып алуына болады. Өз қаражаттарына сала алады.

Ауыз суын сарыла күткен Самғау ықшам ауданының тұрғындары «инженерлік желі дауы шешім таппаса, асфальт салуға рұқсат бермейміз деп кесіп айтты. Тіпті құзырлы органдарға шағымдануға бел буған. Талап - атүсті сызылған сметалық құжатты қайта дайындау қажет дейді.
 
А. Кемелжан