Коронавирус жұқтырған 58 науқастың жағдайы ауыр. Тағы 19 адам өкпені жасанды желдету құрылғысына қосылған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты. Сонымен қатар, бүгін кеселге шалдыққандардың саны 9300-ден асты. Оның 355-і кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Жалпы еліміз бойынша өсім деңгейі 3,7 пайызды құрады. Елдегі соңғы ақпараттарды әріптесім Асылбек Данияр жеткізеді.
Біраздан бері бой көрсетпеген Елжан Біртанов бүгін коронавирусқа қатысты ағымдағы жағдайды мәлімдеді. Өткен тәулікте жұқпалы дерт 335 адамнан анықталған. Көпшілігі жабық мекемелер мен ірі компанияның қызметкерлері. Індетті "Мұнайлы" өлкедегі "Теңіз" кешенінің 1000-нан астам, "Қазақмыс" компаниясының "Нұрқазған" кенішінің 360-қа жуық қызметкері жұқтырған. Ал Жамбыл облысы мен Алматы қаласындағы әскери ұйымдарда да бірнеше жұқтыру фактісі тіркелді. Жағдайдың қиындауына байланысты, министр ұсыныс жасады.
Елжан БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Бұл пандемия әлі біткен жоқ. Себебі, толқынды жағдаймен келе жатыр. Карантиндік жағдайда төмен түседі, бірақ карантин мен шектеу шараларын тоқтатсақ қайтып қайталанады. Бұл тек Қазақстанда емес әлемдегі жағдай. Мұны бәріміз дұрыс түсінуіміз қажет. Жұмыс орнындағы азаматтардың санын төмендетуіміз керек. Ең төменгі 50 пайызға дейін жұмысшылар қашықтықта жұмыс істеу қажет.
Өткен тәулікте елде COVID-19-дан екі өлім дерегі тіркелді. Сонымен вирус ел бойынша 37 адамның өмірін қиды. Оның бірі - Нұр-Сұлтан қаласының 69 жастағы тұрғыны. Ер адам 16 мамырда жедел жәрдем бригадасымен провизорлық стационарға орташа-ауыр жағдайда жеткізілген. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше марқұмда бірнеше созылмалы ауруы болған. Екінші қайтыс болған азамат Қостанай облысының тұрғыны.
Данияр ЖАНДАЕВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Аталған факті бойынша алдына-ала комиссия өтті.Және науқастың COVID-19 індетінен қайтыс болғанын растап отыр.Оның барлық медициналық құжаттарын зерделей келе,нақты коронавирус індетінен көз жұмғаны белгілі болды. 55 жастағы әйел Жітіқара қаласының тұрғыны, бұрын вирус жұқтырған азматпен байланыста болған. Он жыл бұрын бірінші дәрежелі сүт безінің қатерлі ісігімен онкологиялық диспансер есебіне алынған.
Солтүстік Қазақстан өңірінде коронавирусқа шалдыққандардың тең жартысы шетелген келген. Бұл жайында эпидемиолог мамандар айтты. Аймақта күні бүгінге дейін инфекцияны 49 адам жұқтырған. Үшеуі Мысыр мен Британиядан қалғандары Ресей Федерациясынан келген Қазақстан азаматтары.
Айнаш САҒЫНДЫҚОВА, СҚО ТАУАРЛАР МЕН КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН ДБ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Қазіргі тіркеліп жатқан соңғы жағдайлар шетелден әкелінген жағдайлар. Сондықтан мемлекеттік шекараны кесіп өткен әрбір азамат COVID-19 бойынша тексеруден өтеді. Тексеруден өтеннен кейін екі күндік стационарға жатқызылады. Оқшауланғаннан кейін адамдармен қатынаста болмағандықтан өңірімізде эпидемиологиялық жағдай тұрақты деуге болады.
Вирусты жеңіп шыққандар туралы да бірер ақпар. Елдегі коронавирус жұқтырған 4800-дей науқас сауығып шықты. Солардың бірі - Алматы облысындағы 89 жастағы кейуана. Ол 4 мамырдан бастап жергілікті ауруханада ем қабылдаған.
Күмісхан ОРАЗАҚЫНОВА, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Сексен тоғыздамын. Жақсы болып шығып жатырмын. Балалар да, дәрігерлер де бәрі жақсы қарады. Өзім үйімдегі балалардан артық қарады.
Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, Қазақстанда вирустың жылдам таралуына байланысты 16 наурыз бен 1 мамыр аралығында 1318 сотталушы түрмеден босатылыпты.
А. Данияр