Русский Сайттың толық нұсқасы

Жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы отандық 1000-нан астам кәсіпорынның дамуына жол ашты

  • AstanaTV
  • 27 мамыр 2020
  • 2162

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің тапсырмасымен қолға алынған "Жеңілдетілген несиелеу" бағдарламасы аясында, елдегі 12 банк кәсіпкерлерге 160 млрд теңгенің жеңілдтеліген несиесін берді. Осының арқасында бір мыңнан астам отандық кәсіпорын қайта жанданды. Орта және шағын бизнеске дем берген несие жайлы алматылық әріптесім Әсем Лесбектің бейнематериалында.

"Нұрсат Темір" Алматыдағы ірі кәсіпорынның бірі. 10 жылдық тарихы бар компания түрлі металл материалдарын шығарады, бетон өндіреді. Кәсіпорын 300-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Алайда, карантин келіп компания жұмысы қиындай түсті. "Жеңілдетілген несие болмағанда шығынға батар едік", дейді кәсіпорын басшысы.

Әлиасқар ЖАНЫСБЕКОВ, «НҰРСАТ ТЕМІР» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Президенттің жаңа жарлығы біз сияқты талай кәсіпкерлерді аяққа тұрғызғаны сөзсіз. Төтенше жағдай кезінде біраз жұмысшымыздан айырылып қалуымыз мүмкін еді. Қуанышқа орай, бұл бағдарлама еңсемізді тік көтертті. Біз ақшамызды алдық. Әрі пайыздық мөлшері айтарлықтай көп емес.

Дәлірек айтсақ, отандық кәсіпкерлер жеңілдетілген несиені 8 пайыздық мөлшерлемемен 12 айға дейін ала алады. Қазірдің өзінде бұл жоба арқылы 1000-нан астам нысан аяққа тұрған. Ол үшін 160 млрд теңге жұмсалыпты. Жаңа жүйені Қазақстанның орнықтылық қоры, Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп жүзеге асырып отыр.

Асқар ӘБІШЕВ, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОРНЫҚТЫЛЫҚ ҚОРЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Отандық 1000 нан астам кәсіпкерге қолдау көрсетілді. Олар сауда, өндірістік орындар, қызмет көрсету орталықтары. Шағын және орта бизнес саласында жүргендерге бұл жүйе өте ыңғайлы. Жеңілдетілген несие жайында толық ақпаратты банк өкілдерінен алуға болады.

Несиені рәсімдеу үшін банк өкілдеріне хабарласып онлайн режимде өтініш қалдыруға болады. Айта кету керек. "Жеңілдетілген несиелеу" бағдарламасы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаулысымен қолға алынды. Ел экономикасына пандемиядан тиген залалдың орнын толтыру үшін Мемлекет осындай нақты қадамдар жасады.

Ә. Лесбек