Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда кәріз құдығына түсіп, уланып қалған жұмысшылар әлі жансақтау бөлімінде жатыр

  • AstanaTV
  • 02 маусым 2020
  • 2121

Алматыда кәріз құдығына түсіп, уланып қалған жұмысшылар әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Қалалық жетінші клиникалық аурухана дәрігерлері 42 жастағы Асқар Қайназаровтың жасанды тыныс алу аппартына қосылғанын айтты.  Ал жұмыс беруші мекеме жұмысшыларының не үшін кәріз құдығына түскенін білмейді. Тілшіміз тарқатады.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Оқыс оқиға кеше күндізгі сағат 1 лер шамасында қаладағы мына Қалқаман ықшамауданында болған. Ауданнның халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері кәріз құдығында жатқан екі жігітті осы шұңқырдың ішінен көрген. Сөйтіп бірден оларды құтқаруға кіріскен.

Көмек қолын созған азамат, жедел-жәрдем жеткенше, екі жұмысшының есін барынша жиғызып үлгергенін айтты.

Ержан ӘБДІРАЗАҚОВ, НАУРЫЗБАЙ АУДАНЫ ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Жұмысқа келе жатып, жұмыс киіммен болғаннан кейін ана жердегі жігіттерге айттым. Жігіттер анау тірі жатыр шығарыңдар деп, ешкімнің батылы жетпеді. Қауіп төнеді деген ой болған жоқ ешқандай, әйел адам орамалын берді қолындағы соны сулап алдым да бетіме байлап, киімімді шешіп астына түсіп кеттім. Төтенше қызметкерлерді күткен жағдайда кім біледі ол кісілерден айырып қалуымыз мүмкін едік, өйткені кішкене кешігіп келді ол кісілер.

Белгілі болғандай бұл адамдар "Алматы су" мекемесінің жұмысшылары. Мекеме өз қарамағындағылардың кәріз құдығына не үшін түскенінен бейхабар.

Ақбота ЖЫЛЫСОВА, «АЛМАТЫ СУ» МКК ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Екі мекеме қызметкерлері ол біздің мекеме қызметкерлері. Есептеуіш құралдарын тексеру жұмыстарын жүргізіп жүрген. Және де түсініксіз жағдайлармен  олар құдыққа түскен. Қандай себеппен ол кісілердің құдыққа түскені жайлы біз мағұлматты білмейміз.

Қазір зардап шеккен екі жұмысшы да, яғни 25 жастағы Нұржан Қалыбай мен 42 жастағы Асқар Қайназаров қалалық ауруханалардың бірінде шұғыл ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер науқастарға «ауыр дәрежелі күкіртсутекпен ингаляциялық улану» деген диагноз қойған.

Қамбар БАЙЖІГІТОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ №7 КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Күкірт сутекпен ауыр жағдайда зақымдануы, мидың зақымдануы. Екі науқаста келген бойда жансақтау бөліміне жатқызылып, бүгінгі күнге дейін екеуі де жансақтау бөлімінде жатыр. 1995 жылғы науқастың бүгін аппараттан шешіліп өз еркімен тыныс алып жатыр. Ал екінші науқас жағдайы өте ауыр.

Қазір дәрігерлер науқастардың алдағы жағдайына қатысты ешқандай болжам жасай алмаймыз дейді. Ал өзгені құтқарамын деп өз басын қатерге тіккен Ержан Әбдіразақовтың көзсіз ерлігі, 3 баласына үлгі болмақ.
 
Ә. Лесбек