Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайда ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар қос майор жазаға кесілді

  • AstanaTV
  • 29 қыркүйек 2017
  • 3328

Қостанай соты Ресейде ұрланған көліктерді ел аумағында заңсыз сатқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты үкім шығарды. Сотталғандардың ішінде экс-полицейлер де бар. Аудандық ішкі істер бөлімінің бұрынғы қызметкерлері күмәнді көліктерді тіркеуге қоюға көмектескені үшін жазаға тартылды. «Майор» шенінен айрылған автоинспекторлардың дүние-мүлкі тәркіленіп, 8 жылға сотталды.

Заңғар Санай, тілші:

Алты адамнан құрылған  қылмыстық топты Артур Қалиев есімді адам басқарған. Алайда, халықаралық іздеуде жүрген Қалиев  әлі ұсталған жоқ. Қостанай соты  қалған бесеуін жазаға кесті. Қаңтар айынан бері қамауда  болған экс-полицей Ерқанат Әбдікеров пен Есімжан Төкешевті ең ұзақ  мерзімге  сотталды.

Батырбек Кұдабаев,  № 2 Қостанай қалалық сотының судьясы:

Әбдікеровке 8 жыл бас бостандығынан айыру және қылмыстық жолмен тапқан дүние-мүлкін тәркілеу, өмір бойы мемлекеттік қызметке тұру құқығынан айыру жазасы тағайындалсын.

2015 жылы құрылған ұйымдасқан қылмыстық топ көрші мемлекетте ұрланған қымбат көліктерді жалған құжатпен Қазақстан аумағына кіргізген. Аймақ тұрғындары Жәнібек Ізтілеуов пен Абат Жармағамбетов автокөліктердің шанақ нөмірін өзгертумен айналысқан. Ал аудандық ішкі істер бөлімінің бұрынғы қызметкерлері Әбдікеров пен Төкешев автокөліктерді бөгде адамдардың атына тіркеуге көмек көрсеткен. Сөйтіп, арасында  «Infiniti», «Toyota Land Cruiserі» бар бірнеше ондаған темір тұлпарлар елдің жан-жағына сатылып кеткен. Көлеңкелі көлік саудасынан түскен олжаны өзара тең бөлісіп отырған.

Батырбек Кұдабаев, № 2 Қостанай қалалық сотының судьясы:

Сот үкімі заңды күшіне енген соң, 2007 жылы шығарылған сұр түсті Infiniti FX35 маркалы автокөлітің заңды иесі, жәбірленуші Савченко болып танылсын.

Жалған құжат жасап, ұрланған көліктің шанақ нөмірін өзгерткен Абат Жармағамбетов  пен Жәнібек Ізтілеуов 5 жыл 6 ай, және 5 жыл 1 айға бас бостандықтарынан айрылды. Бұған дейін үй қамақта болған олардың қолына сот залында кісен салынды. Сот үкіміне сәйкес, ең жеңіл жаза Ғабит Сансызбаевқа тағайындалды. Ол Меңдіғара аудандық ішкі істер бөліміндегі құжаттардың көзін жоймақ болған көрінеді. Кейін құжат тиелген көлігі отқа оранып, қылмыстық әрекеті әшкерленген. Сансызбаевқа бір жарым жыл бас бостандығын шектеу жазасы кесілді.

Соттың баспасөз қызметі берген ақпарға сай, ұйымдасқан топ  24 көлікті заңсыз саудаға салған. Алайда, тәркіленген автокөліктердің тағдыры әртүрлі шешілді. Кейбіреуі соңғы сатып алған адамның иелігінде қалса, келесі легі ресейлік сақтандыру компаниясының еншісіне қайтарылды. Қылмыстық топ басшысы Қалиев ұсталып, соты болмайынша, тағы біраз көлік жемқорлыққа қарсы қызметтің құзырында болады.

Заңғар САНАЙ