Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда тергеу абақтысында жатқандар көмек сұрады

  • AstanaTV
  • 03 маусым 2020
  • 3888

Атыраудағы 157-де 1 тергеу абақтысынан бүлік шықты. Сот үкімін күтіп жатқандар түрмедегі қызметкерлерден таяқ жегендерін айтып, араша сұрайды. Жақындарынан хабар алған сотталушылардың туыстары да түрме алдына жанұшыра жиналыпты. Бірақ карантинге байланысты кездесуге тиым салды. Тілшіміз толықтырады.

Көмек шақырып жатқан бұл адамдар 157-те 1 тергеу абақтысындағылар. Олар қанға боялған киімдері мен төсек жаймаларын терезеден шығарып, сырттағылардың назарын аудартты. Ал абақтының алдына, қамаудағылардың туыстары жиналған.

Надежда, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Мұнда менің інім жатыр. 30 мамыр күні маған телефон соқты. Сол кезде «бізді күн сайын ұрып- соғады», - деп шағымданды. Бүгін түнде 2-ге 15 минут қалғанда біреу жасырын нөмірден қоңырау шалып, інім жататын камерадағылардың барлығын ұрып тастағанын айтты. Бізге бұл жерде ешкім ештеңе түсіндірген жоқ. 

Лаура СЕЙІТЖАНОВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 
Мына жердегі адамдар телефон соқты. Ана жерде сенің бауырың айқайлап жатыр. Простынямен қызыл қан қып шығып жатыр деп. Ал мында келіп бастығын шақырсақ, бастығы шықты да айтады. Егер де біз заң жүзінде адамды ұрып соғуға қақымыз бар дейді. Помогите, құтқарыңыздар, скорый дейді.


Сырттағылар қамаудағы туыстарымен жүздестіруді талап етіп, қақпаны қанша соққанымен, назар аударған жан болмады. Карантинді алға тартып, тергеу абақтысына ешкімді кіргізген жоқ. Тек прокуратура өкілі шығып, іштегі жағдайға байланысты түсінік беруге тырысты. 

Сәкен ЖАҢБЫРБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
 
Мен ішке кіріп, жағдайдың бәрін көріп шықтым. Ішкі тәртіпке бағынбау орын алған бірнеше сотталғандармен, тергеудегілермен. Қазіргі кезде тексеру жүргізіліп жатыр. Егер де сіздердің шағымдарыңыз болатын болса, қазір бере аласыздар прокуратураға. Соның шеңберінде қараймыз. +тергеушілердің бәрі келді. Қазір фиксация жасап жатыр.


Алайда прокурордың жауабына ешкім қанағаттанған жоқ. Арыз жазып, оны қарағанша, қамаудағы туыстарының денсаулығы мен өміріне қауіп төне ме деп қорқады. Жиналғандар ортада бір адамды сайлап, тым болмағанда қамаудағылардың амандықтарын көзбен көріп келуді сұраған еді. Алғашында кездестіруге келіскенмен, кейін түрме басшылығы сөздерінен бас тартты. Туыстарының айтуынша, көмек сұраған абақтыдағы ащы дауыс әлі тынышталмаған. 

Б. Надирқызы