Қазақстанның Ресей мен Беларусь одағына қосылатын жоспары жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік «Комсомольская правда» басылымына берген сұхбатында осылай деді. Сондай-ақ, Қазақстанда АҚШ-тың әскери базасын салу мәселесі де талқыланбағанын айтты. Президент Ресей, Беларусь, Қытай және Америкамен ара-қатынасы жайында да ашық әңгімеледі.
Президент ресейлік басылымға сұхбат берді. Ол Қазақстанның Ресей мен Беларусь одағына қосылатын жоспары жоқ екенін мығымдап жеткізді. Оның сөзінше, одақтас елдерді интеграциялық даму ғана қызықтырады. Ал, экономикалық ілгерілеу үшін ЕАЭО әлеуетін күшейтуге басымдық беріліп отыр. Сонымен қатар, тілші кейбір сарапшылардың орыстар көп шоғырланған солтүстік пен шығыс өңірлер бөлініп кетуі мүмкін деген болжамын алға тартты. «Қырым мен Донбасс сценариінің Қазақстанда қайталануы мүмкін бе?» деп сұрады.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жалған сарапшылардың мұндай болжам жасауына ешқандай негіз жоқ. Бәлкім, мұның бәрі Қазақстандағы жағдайды тұрақсыздандыруға және мемлекеттеріміз арасындағы тату көршілік, одақтастық қатынастарды бұзуға бағытталған болуы мүмкін. Мұндай болжамдарды тек біліксіз, өзгелердің көлеңкесіне жасырынатын адамдар ғана айтуы мүмкін.
Президент сұхбат барысында Қазақстанда АҚШ-тың әскери базасын салу мәселесі талқыланбағанын айтты. Бірақ, қос елдің энергетика, жаңа технологиялар бағытында нәтижелі әріптестігі бар екенін жеткізді. Ядролық қаруды таратпау мәселесі бойынша да ұдайы байланыста деді. Бұдан бөлек, екі елдің мамандары Алматыдағы бұрынғы обаға қарсы институт базасында биологиялық қауіпсіздік саласында қоян-қолтық жұмыс істегенін растады.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бірақ, келісім-шарттың аяқталуына байланысты америкалықтар елдеріне қайтты. Қазір онда мемлекет бюджеті есебінен тек қазақстандық мамандар жұмыс істеп жатыр. Осы саладағы зерттеулердің өзектілігін ескере отырып, біз Ресейлік мамандармен барынша тығыз ынтымақтастық орнатуға дайынбыз.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қытай экспансиясы шындыққа жанаспайды, деді. Оның сөзінше, қос ел арасында бұрыннан сауда қатынасы қалыптасқан. Былтырдың өзінде Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара сауда айналымы 14, 5 миллиард АҚШ долларын құрапты. Қасым-Жомарт Тоқаев "Астық саласындағы ОПЕК"-ті құру бастамасынада пікір білдірді. Ол жалпыға ортақ сауда нарығын құру кезінде шағын мемлекеттер жапа шекпеуі тиіс деп отыр.
А. Мүтәлі