Русский Сайттың толық нұсқасы

Атамекеніне оралған қандасымыз далада қалуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 04 маусым 2020
  • 2662

Елін іздеп келген қандасымыздың отбасымен Павлодарда үйсіз-күйсіз жүргеніне бір жылдан асты. Атамекенге олар мемлекеттік бағдарлама бойынша емес, өз ниеттерімен келген. Содан бері көп балалы отбасында түрлі қиындықтар басталды. Бюрократиялық кедергілер өз алдына. Жақында олар далада қалуы мүмкін. Өйткені, пәтер иесі жалға алынған баспананы "босат" деген талап қойыпты. Арнамыздан араша сұраған қандасымызбен Өзгеріс Қуанар кездесіп қайтты.

Ержан Қадырұлы - Моңғолиядан өткен жылы көшіп келген. Содан бері Ленин кентінде пәтер жалдап тұрып жатыр. Азаматтық әлі күнге алынбады, яғни жұмысқа тұру мүмкіндігі жоқ.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Қандасымыз әзірге осы үйді пана қылған. Бірақ, бұл да ұзаққа бармайын деп тұр. Үй иесі баспанасын босатуын талап етіпті.

Ержан ҚАДЫРҰЛЫ:

Қайда барарымды білмей отырмын мені шығарып тастаса, осы үйдің иесі. Осы айдың 6 айдың 15-нде шық - деп отыр.

Отағасы, құжат тасып талай мекеменің табалдырығын тоздырғанын айтады. Нәтиже жоқ. Барар тауы, басар тасы қалмаған отбасы көмек сұрап отыр.

Ержан ҚАДЫРҰЛЫ:

Акиматқа да барып, арқамнан сипап шығарып салып тұрды екі-үш рет бардым, бір емес. Келгенде 11-айда үй тауып беріңіз - деп бардым. Отыратын болмаса жалдап отыра тұратын. Жоқ қазірше. Әне келіңіздер, міне келіңіздер - деп берген жоқ.

Жергілікті атқару органдары болса, қандасымызға тиісті көмектің бәрі жасалғанын айтып отыр.

Аманбек ҰНАТҰЛЫ, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Отбасы 5 адам болғаннан кейін өзі жолдасы 3 баласы болғаннан кейін ол кісілердің әр қайсысына 92 785 теңге төленді. Ол болғанда 500 мыңдай теңге.

Бұдан бөлек жалға алынған баспана өтемақысы төленген. Осылайша Ержанның отбасына бір жыл ішінде шамамен 1,5 млн теңгенің көмегі беріліпті. Бұл қаражат күнделікті күнкөрістен аспағаны анық. Әкімдік болса, "Бұдан артық көмек болмайтынын", кесіп айтты.

Маржан АЛШЫМБАЕВА, ЛЕНИН КЕНТІНІҢ ӘКІМІ:

Бізде бос тұрған үй біздің баланста тұрған бере алатындай үй жоқ. Квартиралар бар. Шағылған деуші ме еді, қағыл деуші ме еді, бесхозный. Ну там сколько вложений нужно.

Ертіс өңіріне қоныс аударған қандасымыз аз емес. Соңғы бір жылда ғана аймаққа бір мыңнан аса отбасы көшіп келіпті. Арнайы даярлықтан өтіп нанын тауып жүргендер де аз емес. Мамандардың айтуынша, бұлардың еш қайсысына тегін үй берілмеген. Жаңа бағдарлама бойынша, олардың бәріне бір жылдық пәтерақыға ғана көмек беріледі екен. Дегенмен, атқамінерлер 4 бала өсіріп отырған Ержан Қадырұлын далада қалдырмаймыз деп уәде етті.

Дастан ВАХАБОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Үй сатып алуға олар жергілікті әкімдіктерге жүгінуге болады үй мәселелері бойынша. Но, қазір өңірлік квота бойынша оларға 1 жылға ғана үйді жалдап тұруға төленіп жатыр программа бойынша. Біз қазір ол кісілерді өз бақылауымызға алдық. Ол кісілерге көмек береміз. Далада қалмайды ғой иә? Иә.

Отағасы жуырда арнайы курстан өтіп, темір иетін мамандықты меңгеріпті. Еңбекақы мардымсыз. Оның үстіне жалға алынған үйден айырылып қалу қауіпі басым. Күнделікті күйбін тірліктен бас көтере алмай отырған отбасы, жергілікті атқамінерлерден үмітті.

Ө. Қуанар