Русский Сайттың толық нұсқасы

Таразда жерге қатысты жемқорлық жайттардың беті ашылды

  • AstanaTV
  • 08 маусым 2020
  • 2958

Таразда балалар спорттық алаңы жеке меншікке өтіп кеткен. Бүгінде ол 31 млн теңгеге бағаланып, сатылымға шығарылыпты. Бұл туралы "Жамбыл -адалдық алаңы" кеңсесі жария етті. Шаһардың бұрыңғы әкімдері білгенін істеп, жерді оңды-солды беріп кеткен. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жер қатынастары саласындағы кемшіліктерді жіпке тізіп, енді оларды түбегейлі тексермекші.

Көпқабатты үйдің ауласындағы мына алаңқай қазір коммерциялық сауда көзіне айналған. 31 миллион теңгеге сатылымға қойылыпты. Нақтырақ айтсақ балалар спорттық алаңы жеке адамның меншігіні айналған. Қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы, бұл бұрыңғы шенділердің заңсыз әрекеттері деп түсіндірді. 

Біржан БАШАНОВ, ТАРАЗ ҚАЛАЛЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
 
Құрылыс жұмыстары ешқандай жүргізілмеген ол жерде. Ол бұрыннан бері спорт площадка болып келген. Енді мәселе: ол жеке меншікке берілген және коммерциялық нысаналы мақсаты ауыстырылған. Ол мәселемен мен келіспеймін. Енді оны заңсыз деп есептеймін. Ол 17 жылы берілген жер.


Таразда жерге қатысты мұндай заңсыздықтар шаш етектен. Бұл жайында "Жамбыл-адалдық алаңы" кеңсесі мен жер қатынастары саласындағы мамандардың кезекті жиынында айтылды. Жерге қатысты мониторинг жүргізіліп, оның қорытындысы талай былықтың бетін ашқан.

Тіпті комиссияның жер теліміне қатысты қарама-қайшы шешімдер шығаратын жайттары да жиі кездесетінін белгілі болды. Олан бөлек бірінші шығарған әкімнің қаулыларын кейін келген әкімдер өзгертіп отырған.
 
Назима ДӘРМЕНҚЫЗЫ, «ЖАМБЫЛ - АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ» ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
 
Тараз қаласы жер коммиссиясының бір жер теліміне қатысты бір біріне қарама қайшы шешімдер шығаратын жәттері де кездесіп отырады. Бұған қоса жер кодексінің талабын өрескел бұзып, мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін құқықты аукцион арқылы өткізбей тікелей жер коммисиясының шешімімен беру фактісі орын алған.

Мамандардың дерегінше бүгінде жер комиссиясы мен өтініш берушілердің арасында уақытты негізсіз созу фактілері орын алуда. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа жол ашады дейді олар. Жиын соңында ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитетіне бірқатар ұсыныстар жолданды. Ал, жекенің иелігіне өтіп кеткен спорттық балалар алаңына қатысты, әкімдік сотқа арыз түсіруге бел буды.  
 
Б. Жұмабайұлы