Русский Сайттың толық нұсқасы

ШҚО ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қорының басы дауға қалды

  • AstanaTV
  • 29 қыркүйек 2017
  • 3319

Шығыс Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қорының басы дауға қалды. Жарты жылдан бері несие ала алмай жүрген ауылдықтар құжат жинаудың әлегі мен қор қызметкерлерінің біліксіздігіне наразы. Бірақ қор филиалы 900 миллион теңгенің тек жартысына жуығын ғана игеріпті. Шаруалармен кездескен тілшіміз кейбір кәсіпкерлердің әлдеқашан аяқталған көктемгі далалық жұмыстар үшін әлі де ақша ала алмай жүргенін, ал енді бірінің құжат жинап сарсаңға түскеніне куә болды.

Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қорының облыстық филиалында бүгін адам әдеттегіден көп. Бәрі де кәсібіне қажетті қаржы іздеп сабылғандар. Ауыл кәсіпкері Айжан Бөкебаева Глубокое аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің заңгері Ирина Берсеневамен мұнда күнде келеді. Кәсіпкер мал басын көбейту үшін 5 миллион теңге несие алғысы келеді. Бірақ қор өкілдері тек бір миллион беретінін айтыпты. Бірақ шаруа осы ақшаның өзін ала алмай жүр. Күн сайын жаңа құжат сұратып, ығырын шығарған.

Ирина Берсенева,  заңгер:

Бір миллион теңгені неге жеткіземін? Мамыр айынан бері біраз уақыт өтіп кетті. Ол аздай анықтаманы алу үшін біраз шығындалды.

Ауылдықтармен бірге мұнда аудан әкімдері де жүр. Олардың бәрі де ауылдарында кәсіпкерліктің дамығанын қалайды. Бірақ қордың несие менеджерлері бәрін бездіріпті. Осының кесірінен талай игі идея аяқсыз қалды, дейді шенеуніктер.

Айгүл Құттыбаева, ШҚО Зырян ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

Мұнда жүргенімізге екі айдан асты. Бірақ ақша бітіп қалғанын олар енді айтты. Уақыт та өтіп кетті. Өйткені шаруалар көктемгі далалық жұмыстарға ақша сұраған. Егін орағы әлдеқашан басталса да, көктемгі далалық жұмыстарға ақша ала алмай жүр. Зыряндықтардың 70 миллион теңгеге берген 12 өтінішінің тек жетеуін қанағаттандырып, 15,5 миллион теңге бермек.

Қадіржан Қажыбай да өз алдына қасапхана ашуды мақсат қойыпты. Қарамағына 60 адамды да жинап алған. Алайда кәсібін дөңгелетуге қажетті қаражатты алу мұң болды деп отыр.

Қадіржан Қажыбай, кәсіпкер:

Бүгін бір қағазды айтады, ертең ол қағазды алып келсек, басқалай айтады. Сонда, шыны керек, ауыл шаруашылығындағы тұрмысы қалай екенін, тіпті нан алып жейтін ақшамыз қалмай қалды жолымызбен шапқылап. Не болатынын білмеймін, сеніп отырмыз Үкіметтің, Елбасының жарлығына. Сіздер кредит аласыздар, АШ дамытасыздар, кәсіптенесіздер деген соң, айбат деп, сеніп отырсақ, етегімізден тартып, жібермей жатыр.

Асқар Жақыпбаев, ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Қорға өтініштер тоқтаусыз түскенімен, ақша төлеуге асығар емес. Егер тездетпесе, шаруалар қасапхана мен сүт пунктін салу түгілі, іргетасын құйып үлгірмейді. Күні ертең-ақ қыс түседі. Ал ақша алғаннан алты ай өткесін, ақшасын қайтаруы керек қой. Мұндағы адамдардың жайбасарлығына шағымданып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне жеделхат та жолдадық.

Қарауындағы қызметкерлерінің олақтығын қордың басшысы да теріске шығармайды. Бірақ бұдан шаруаларға келіп-кетер ештеме жоқ.

Ғалымжан Таубаев,  "Ауыл шаруашылығын қолдау қоры" АҚ ШҚОФ директоры:

Қазір бізде толық 897 миллион теңгенің өтінішін қанағаттандырдық. 548 млн теңге тарқаттық. Қалған соммасын 15 қазанға дейін жеткізуге жоспар қойып отырмыз. біздің мамандарымыз жаңадан келген, баяғы мамандар жұмыстан шығып кеткен. Жаңадан келген мамандар бар, олар тез арада өтініш қабылдай алмайды. Оны біз мойындаймыз.

Қазір қордың басқа филиалдарының 10 маманы өскемендік әріптестеріне көмекке келді. Енді ауылдықтар, суық түскенше, несиесін алып үлгіреміз деген үмітте. Айта кетейік, бұл қор бұған дейін де дауға қалған еді. Осыдан бір жарым жыл бұрын прокуратура  қор қызметкерлерінің тума-туыстары мен достарына жалған несиелерді рәсімдегенін анықтаған еді. 

Еркін КАРИН