Русский Сайттың толық нұсқасы

Туған жездесін бауыздап өлтірген боксшы қылмыстық жазадан құтылды

  • AstanaTV
  • 12 маусым 2020
  • 14637

Жездесін бауыздап өлтірген атақты боксшы Асылан Мұқанов қылмыстық жазадан құтылып кетті. Бұл жайында бүгін онлайн сотта белгілі болды. Боксшы былтыр жазда туған жездесін, ұйықтап жатқан жерінен пышақтап өлтіріп, із жасырмақ болған. Полицейлер қылмыскерді көп ұзамай иен даладан ұстады. Тергеу амалдары мен сот процессі бір жылға созылды. Осы уақыт аралығында Асылан Мұқанов бірнеше рет сот-медициналық сараптамадан өткен. Сараптама қорытындысы: боксшының қылмыс жасаған кезде өз әрекетіне есеп бере алмайтындай жағдайда болғанын жария еткен.

Жаннара ТІЛЕУБАЕВА, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлімі, 3-тармағы бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылсын. Қоғамға қауіпті әрекет жасау кезінде Асылан Мұқановтың өз ісіне есеп бере алмайтын жағдайда болғаны ескеріліп, қылмыстық кодекстің он алтыншы бабының негізінде қылмыстық жауапкершіліктен босатылсын.


Сот қаулысына сәйкес,боксшы мәжбүрлі түрде психиатриялық ауруханада емделетін болды. Кәсіпқой бокста алты рет кездесу өткізіп, бесеуін нокаутпен аяқтаған қостанайлық былғары қолғап шеберінің енді шаршы алаңға шығуы екіталай. Еске салайық, Асылан Мұқанов 61 келіге дейінгі NBA тұжырымының әлем чемпионы. Белгілі бапкер Нельсон Лопестің қол астында дайындалған. Өткен жылы ғана Отанынан оралған еді.

З. Санай