Русский Сайттың толық нұсқасы

Депутат үшін әр уақытта да шындықты айту маңызды, - Е. Ертісбаев

  • AstanaTV
  • 16 маусым 2020
  • 2855

Депутат үшін әр уақытта да шындықты айту маңызды. Мемлекет қайраткері Ермұхамет Ертісбаев осылай деді. Ол "Nur Otan" партиясының құрамына енді ғана кіріп, сайлауға түскелі жатқан азаматтардың бойынан табылу қажет қасиеттерге тоқталды. Оның сөзінше, биылғы партияішілік сайлау кезінде саяси ұйым қатары толығымен жаңартылады. Ал бұл сайлаушылардың мұң-мұқтажын тиімді шешуге мүмкіндік бермек. Сонымен, биылғы мәслихат пен Мәжілістің қатарында кімдер болады? Праймеризден кейінгі өзгерістер жайында тілші тарқатсын.

«Nur Otan» партиясының саяси менеджмент мектебі ұйымдастырған праймериз сабақтарына кез келген қазақстандық қатыса алады. Олар белгілі саясаттанушылардың, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің дәрісін тыңдау мүмкіндігіне ие болады. Спикерлер үлкен саясат сахнасына енді ғана бет бұрғандардың негізгі міндеттерін арнайы вебинар сабақ арқылы егжей-тегжей түсіндіруді бастады. Мемлекет қайраткері Ермұхамет Ертісбаевтің пікірінше, «Nur Otan» саяси аренадағы негізгі құрамын қайта жасақтап жатқан жалғыз ғана партия. Ал праймериз кез келген қазақстандықтың билікке бір табан жақындауына мол мүмкіндік ашады, дейді.
 
Ермұхамет ЕРТІСБАЕВ, ҚР МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ:

Депутат үшін әр уақытта да шындықты айту маңызды. Сонымен қатар, халықтың мұң-мұқтажын шешу үшін қолдан келгеннен аянбау керек. Халыққа жақын болуы қажет. Тұрақты кері байланыс ортанатып отыруы тиіс. Қалың бұқараны соңынан ертіп әкете алу қасиеті де болуы керек. Сондықтан да, біз жан-жақты сыни  ойлайтын адамдарды жинақтап жатырмыз.

Партия басшылығы енді ғана тіркелген азаматтар үшін іріктеу кезінде ешқандай дискриминация болмайтынына кепілдік беріп отыр. Оған қатысты барлық өңірдегі басқарушы орган қызметкерлеріне де ескерту жасалған. Ал, партияішілік  кіл мықтыларды таңдау кезінде барынша ашықтық сақталады. Айта кетейін қаланың төрт ауданында 40 сайлау учаскесі ашылады. Праймериз шарты бойынша әйелдер мен жастардың үлесі де ескерілген.

Юлия КУЧИНСКАЯ, ҚОҒАМДЫҚ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біздің алдымызда депуттар құрамын 100 пайыз өзгерту мәселесі тұрған жоқ. Осы жерде қазіргі күнге дейін сайлаушылар арасында кеңінен қолдау тауып жүрген депуттардың да барын ұмытпаған жөн. Олар халықтың көкейкесті мәселелерін үнемі көтеріп, заң жобаларын талқылау кезінде үнемі белсенді болып келе жатқандар. Ал біз үшін кәсіби құрам маңызды.

Партияішілік праймериз биыл 17 тамыз бен 3 қазан аралығында өткізіледі. Кандидаттар арасында дебаттарда  ұйымдастыру жоспарланған. Басты мақсат - алдағы болатын Мәжіліс пен Мәслихат сайлауына жаңа лидерлерді анықтау. Ал аймақтардағы Мәслихатқа сайлауға түсетіндердің 70%-ы праймериз арқылы іріктелген соң ғана саяси тартысқа жіберіледі. Айта өтейік, праймериз Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Ал, АҚШ-тың тарихында мұндай жүйесіз бірде-бір сайлау өтпеген екен.

А. Мүтәлі