Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда үй кезегі артқа жылжып жатыр - көп балалы ана

  • AstanaTV
  • 18 маусым 2020
  • 3605

Павлодарда көп балалы отбасы үй кезегінің артқа жылжып жатқанын айтып арнамызға шағымданды. Айтуынша, 13 жылдан бері пәтер кезегінде тұр.  2013 жылы көп балалы отбасы ретінде жаңа мәртебе алған. Алайда, биыл бұл кезек алға емес, артқа жылжыпты.  Былтыр ғана 75-орында тұрған отбасы биыл 375-орыннан бірақ шыққан. Кезектің бұлай жылжуын түсінбей қалған отбасы арнамыздан араша сұрады. Мәселенің мәнін  әріптесім Өзгеріс Қуанар біліп көрді.

Әсел Тайлақова - 6 баланың анасы. 13 жыл бұрын бюджеттік сала қызметкері ретінде үй кезегіне 306-шы болып тіркелген. 2013 жылы көп балалы отбасы атанып, жаңа мәртебеге ие болды. Алайда, әлі күнге дейін кезегі келмепті. Былтыр ғана 75-ші орында тұрғанын айтқан ана, биыл 375-ші болып түсіп қалғанын айтып аң-таң. Алдына 300 адамның қалай түскенін түсіне алар емес.

Әсел ТАЙЛАҚОВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА:

Біз 13 жылдан бері үй кезегін күттік. Енді қаншама жыл күткен кезегімізді жоққа шығырап отыр. Кезекті қайтадан бастадық. Мен ипотекаға үй ала алмаймын. Оған жалақымыз жетпейді. Тіпті, болмаса, жалға алатын үй берсе. Өйткені, 6 баламен тіптен қиын болып кетті. Біздің Павлодарда кезек деген жылжымайды. Қаншама үй салып жатыр.

Бұл отбасы қазір жатақханада бөлме жалдап тұрып жатыр. Отағасы да, өзі де ұстаз. Қаладағы колледждердің бірінде дәріс оқиды.  Тапқан-таянғаны балалардың киімі мен тамағынан аспайтынын айтады. Ал шенділер кезектің артқа жылжуын заңдағы олқылық деп отыр. Өйткені, өткен жылдан бастап, көп балалы отбасыларға жеке кезек берілген. Онда бір санаттан екінші бір санатқа ауысқанда кезектің жаңадан басталатын жеткізді.

Асығат АХМЕТОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ ҚАРЖЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Заң жүзінде топтан топқа ауысу өтініш берген күннен бастап есептеледі. Олар қатеспелесем, 2019 жылдың 24 мамыр күні өтініш жазған еді. Осы уақытқа дейін алдында кісі болды. Соны біз заңды түрде реттедік. Бүгінгі күні 300 кісі кім қай күні жазды, сол күні қойылды. Сол себептен  артқа жылжыды ол кісі.


Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Қазіргі күні Павлодар қаласында 16 мыңға жуық адам үй алу үшін кезекке тұр. Оның 700-і көп балалы отбасы екен. Сондықтан Тайлақовтар үшін тағы кезек күтуге тура келеді. Бірақ енді қанша жыл тосатынын ешкім дөп басып айта алмайды.

Ө. Қуанар