Русский Сайттың толық нұсқасы

ҰБТ кезінде ереже бұзғаны анықталса, нәтижесі жойылады, - Н.Дидарбекова

  • AstanaTV
  • 22 маусым 2020
  • 2997

Ұлттық біріңғай тестілеудің алғашқы күнінде 164 түлек тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары айтты. Олардың 73-і тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін шеттетілсе, 91-і сынақ тапсыру кезінде ережелерді бұзған. Бұл сан былтырмен салыстырғанда 6 есеге көп. Сондай-ақ 11 жылдық білімін сарапқа салған 1964 оқушы шекті баллды жинай алмапты. Науқанның алғашқы легінде өтініш берген 326 бала райынан қайтқан. Бұдан бөлек, Наужан Дидарбекова тестілеуде жоғары балл жинағандарға қуануға әлі ерте дейді.

Наужан ДИДАРБЕКОВА, ҚР БҒМ ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ұлттық тестілеу орталығы 25 тамызға дейін барлық тестілеу барысындағы бейне жазбаларға талдау жүргізетін болады, арнайы бағдарламаның көмегімен. Егер тестілеу барысында тестіленуші тыйым салынған затты анықтаған жағдайда олардың нәитжелері жойылады. Сәйкесінше, егер ол мемлекеттік білім беру грантының иегері болатын болса, онда гранттың нәтижесі де жойылуы мүмкін.

Биыл бұл науқан ерекше талаптармен өтіп жатыр. Коронавирус өршіп тұрғандықтан әр түлек сантиралық талаптарды да сақтауы тиіс. Өкінішке қарай, 2 талапкерде дене қызу болғандықтан, сынаққа жіберілмеді. Жалпы, тестілеудің бірінші күні 39 бала 130 балл, яғни жоғары ұпай алған. Ең көп балл Түркістан облысының оқушысына тиесілі. Ол 138 ұпай жинапты, болашақта тіс дәрігері мамандығын таңдаймын дейді.

Абзал ӘБДІМАНАП, ТАЛАПКЕР:

Маған ҰБТ оңай болды. Себебі: көбісі оқыған сұрақтар, өткен тақырыптар келді. Бізде камера, бақылаушылар болды. Мен ҰБТ-дан жоғары балл жинайтыныма сенімді болдым. 

Айта кетсем, биыл республика бойынша білім науқанына қатысуға 131 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Тестілеу 21 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді.  

А. Данияр