Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада мас күйінде көлік жүргізген әйел 3 адамды соғып кетті

  • AstanaTV
  • 23 маусым 2020
  • 3840

Нұр-Сұлтанда көлік қағып кеткен адамдар, бір отбасының мүшелері. Жантүршігерлік жәйт кеше кешкі сағат 9-дар шамасында болған. Ішімдік ішіп Mazda автокөлігін басқарған жүргізуші жолдың қарсы бағытына шығып, адамдар жүретін тротурда балаларды қағып кетті. Зардап шеккендер 1990, 2001 және 2002 жылғы үш қызды, сондай-ақ арбадағы екі жастағы бала. Дәрігерлер балғынның жағдайын ауыр деп бағалап отыр.

Айжан ИСА, НҰР-СҰЛТАН қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:


Бала бас сүйек-ми жарақатын алған, аяғы сынған, травматикалық шок бар. Жағдайы тұрақты, ауыр деп бағаланады, қазір жансақтау бөлімінде, бүгін біз оны нейрохирургия бөліміне ауыстыруға жоспарлап отырмыз. Қалған адамдар әртүрлі жарақаттармен травматология және ортопедия ғылыми зерттеу институтына жеткізілді.

Оқиға куәгерлері 1986 жылғы көлік жүргізушісі жылдамдықты арттырып, рөлге ие бола алмай қалғанын айтты. Олардың дерегінше көлік ішінде 5 адам болған. Барлығы ащы суға сылқия тойып алған деді. Ал, жапа шеккен адамдардың барлығы бір отбасының мүшесі екенін жеткізді.

Багира УСМАНОВА, КУӘГЕР:

Қарсы бағытта келе жатып, бірден осы жаққа қарай бұрылды. Көлік жылдамдығы өте тез еді. Адамдарды қағып кетті. Бірі тротуарға ұшып кетті, ал екінші қыз көлік астында қалды. Арбадағы бала да көлік астында қалып қойды.

Полицейлерде көлік жүргізушінің сол сәтте ішімдік ішкенін растады. Ол қазір қаладағы уақытша ұстау изоляторына қамалыпты.

Эльмира ШАУЛЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ ЖЕТЕКШІСІНІҢ м.а:


Жүргізуші орта деңгейде мас болған. Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.


Ал заңгерлер мұндай құқықбұзушылық үшін күдікті 3 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін,-деді. Тіпті зардап шеккендер көп болғандықтан, тағы бірнеше жыл қосылатынын да жоққа шығармайды. Алайда заңгердің пікірінше заңды қатаңдату, мәселенің шешімі емес.

Аржан СӘДУАҚАСОВ, ЗАҢГЕР:

Мысалы, АҚШ штаттарында мас күйде көлік жүргізіп жатқанын көрген азаматтар дереу полицияға хабарлайды. Хабарлайтын адамдар осылайша қылмыстың алдын алады.

Еске сала кетейік, жыл басынан бері мас күйінде көлік жүргізген 186 дерек тіркелген. Полиция енді көшедегі рейд жұмыстарын күшейтпекші.

Ғ.Өтемісов