Шымкентте Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары уәделі баспаналарына кіре алмай жүр. Келісімге сәйкес олар пәтерін өткен жылы желтоқсанда алуы тиіс еді. Алайда, шыжғырған шілде келді. Баспананың берілетін түрі жоқ. Еске сала кетейін. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үй жыл басында аяқ астынан жастарға беріліп кеткен. Банк басшылары 176 салымшыға сол кезде, "пәтерлеріңізге жақында кіресіздер", деп уәде берген.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Салымшыларға уәде етілген көпқабатты үйдің бірі осы. Білулерінше құрылысы әлдеқашан аяқталған. Бірақ неге екені белгісіз, ақпан айында беріледі деген үйге әлі күнге кіре алмай жүрміз дейді халық.
Уәдеден шаршаған жұрт бүгін банк алдына жиналды. Арасында баспанасын 10 жыл күткен азаматтар да бар.
Айман СЕРІКҚАЛИҚЫЗЫ, САЛЫМШЫ:
Мен өз басым квартира жалдап жүрмін. Екі балам бар, пәтер жалдап жүрмін. Ал мен өзімнің пәтеріме неге төлемеймін сол ақшаны?
Гүлнара ДҮЙСЕНБАЕВА, САЛЫМШЫ:
Ол үйді барып қайта қайта барып көріп жатырмыз. Үй толық біткен. Барлық толық жұмыстары біткен. Білмеймін, біткен үйді не үшін берілмей жатқанын бізге.
Банк өкілдерінің сөзіне қарағанда, үйдің тапсырылуына карантин кедергі келтірген. Құжаттар рәсімі созылып кетіпті.
Нұрлан СҰЛТАНОВ, "ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫС ЖИНАҚ БАНКІ" ШЫМКЕНТ ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Үй 31-май бітті. Қазір объектінің тех.паспорты дайындалды. Енді по квартирный тех паспорт дайындап жатыр. Енді управление жильяға өткізеді оны.
Банк өкілінің жауабы салымшылар көңілінен шықпағаны анық. Олар қала басшысына барып араша сұрады. Әкім, Мұрат Әйтенов бұл мәселенің шешу жолын ұсынды. Алғашқы 30 отбасы жаңа үйге осы жұмада кіруі тиіс.
Мұрат ӘЙТЕНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Жұма күні кілтін бәрін береді. Бірақ процедурасы әрі қарай жалғаса береді. Мен ертерек беріп жатырмында көшіп бара бересіздер. Кейін ақшасы бөлінгеннен кейін келісім шартқа қойып әрі қарай жұмыс жасай бересіз, келістік қой?!
Әкімнің айтуынша, құжттар толық рәсімделмегендіктен бүкіл 176 салымшы бір күнде қоныстана алмайды. Дегенмен, Мұрат Әйтенов, айдың аяғына дейін баспана толықтай беріледі деп сендірді.
А. Төребекқызы