Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда 5 шілдеден бастап күшейтілген карантин режимі енгізіледі

  • AstanaTV
  • 02 шілде 2020
  • 4133

Қазақстанда 5 шілдеден бастап күшейтілген карантин режимі енгізіледі. Шектеу шаралары әзірге 14 күнге созылады, қажет болған жағдайда тағы да ұзартылуы мүмкін. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты. Жаңа ереже бойынша, жексенбіден бастап әуе рейстерінің бағытын азайтылады. Қалааралық автобустар тоқтап, темір жол қозғалысы қысқартылады. Шаһардағы қоғамдық көліктердің де жүру уақыты шектелмек. Ал, көпшілікті мазалаған блок-бекеттер қойылмайтын болды. Сәйкесінше, жеке көлігі бар азаматтар анықтамасыз өзге өңірлерге қатынай береді. Десе де үкімет басшысының орынбасары жағдайға қарай өзгерістер болатынын ескертті.

Ералы ТОҒЖАНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Белгіленген 14 күн аралығында аталған шаралардың тиімділігі  бойынша мониторниг жүргізіліп, нақты қорытындылары шығарылып отырады. Нәтиже бермеген жағдайда шектеу шаралары бойынша қосымша шешімдер қабылдануы мүмкін.

Шектеу шараларына құлақ аспағандарға енді заң алдында жауап береді. Бекітілген санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзған жеке тұлғалар 83 мың теңге, ал заңды тұлғалар кемінде 600 мың теңге айыппұл төлейді.

Ералы ТОҒЖАНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Әлем бойынша бұл індетті 10 миллионнан астам адам жұқтырып, 500 мыңнан астамы қайтыс болса да біздің ел тығылып той тойлап, бетперде тағуды әлі де ұят санайтындар да жоқ емес. Амбарларға тығылып той жасау, артқы есіктен кіріп қыз ұзату осындай әр шараның соңында кемінде 20-дан астам адамның ауруханаға түсіп, қаза болып жатқандары да мәлім. Мемдлекет басшысы айтқандай: "Қазір той тойлайтын емес,ой ойлайтын кезең ".

Шектеулерге қатысты қысқаша ақпарат: ойын-сауық, спорттық, отбасылық жиындар мен еске алу шараларына тыйым салынды. Сұлулық салондары мен шаштараздар, жабық базарлар, мешіт-шіркеулер мен ойын-сауық нысандары жабылмақ. Көшеде 3 адамнан артық жүруге болмайды, 65 жастан асқан азаматтар сыртқа шығуына шектеу қойылды. Сонымен бірге, ашық аспандағы базарлар санитарлық талаптарды сақтай отырып жұмыстарын жалғастыра береді. Ал, 42500 теңге беріледі ме?

Ералы ТОҒЖАНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Төтенше жағдай тоқтатылғаннан кейін ешқандай оған заңнамалық негіздеме жоқ. Сондықтан, әрі қарай азаматтардың бәрі мүмкіндігінше жұмыс істеген жерлерінде жұмыстарын жалғастыруы тиіс. Осы жағдаймен қазір тікелей байланыстыруға ешқандай негіз жоқ деп есептеймін.

Коронавирустық инфекциямен қатар, пневмония да өршіп тұр. Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, өкпенің қабынауынан зардап шегушілер саны 55, 4 пайызға өсіпті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 63 мыңды құраса, биыл 98 мың 500-ге жетіпті. Сондай-ақ дәрігер тапшылығын жою мақсатында 112 медициналық колледж түлектері жұмысқа орналыстырылмақ. Қызметіне жаңа кіріскен Цой мырза статистикаға тағы бір өзгешелік енгізіпті.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Бұдан былай біз қайтыс болғандар туралы ақпаратты күнделікті емес, апта сайын жариялап тұрамыз. Өйткені өлім жағдайларын талдау жөніндегі комиссия марқұмның коронавирустан  немесе басқа аурудан көз жұмғандығына нақты көз жеткізуі тиіс. Жалпы, өткен тәулікте 10 адам COVID-19-дан, 20 адам пневмониядан қайтыс болды.

Министр жедел жәрдем қызметтері шақырылған үйлерде КВИ бойынша  сынама алу кейбір өңірлерде басталып кеткенін айтады. Бұл ретте тест тек анықтама немесе вирус белгісі байқалған жағдайда ғана алынады. Бұдан бөлек, енді дәріханалар дәрі сату кезінде бағаны өсірсе және айтылған талаптарды орындамаса жаза қолданылмақ.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Дәрі-дәрмекті шекті бағасынан қымбатқа сатқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескерткім келеді. Нақтырақ айтқанда оларға айыппұл салынады. Ал егер бұл заң бұзушылық қайтадан тіркелсе, дәріхананың лицензиясын тоқтатуға дейінгі шараны қабылдаймыз. Сонымен бірге дәрі-дәрмекті рецептсіз сатқаны үшін де жауапкершілік барын ескертеміз. Интернет арқылы рецептсіз сату жағдайлары тіркелді. Мұндай жағдайлар заңмен қадағаланады.

Министрліктің ұсынған сандық мәліметтеріне қысқаша тоқталсам: өткен тәулікте 1500-нан астам адамнан кесел анықталыпты. Жалпы COVID-19-ға шалдыққандардың саны - 42 мың 500-ден асты. Емделіп шыққандар 14 мың 600-ге таяды. Өкінішке қарай, 198 адам індет құрбанына айналды. Алекцей Цой, 256 науқастың хал үстінде жатқанын атап өтті.

А. Данияр