Қазақстанда коронавирустан 1 аптаның ішінде 76 адам қайтыс болды. Тағы 110 адамның мәйіті зерттелуде. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. Айтуынша, күннен-күнге өлім дерегі көбейіп жатыр. Әсіресе, Қарағанды облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында қайғылы жағдай көп.
Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Бұрынғыдан қарағанда қайтыс болғандар саны көбейіп кетті. Мұның алдында, күніне немесе аптасына 1-2 өлім болса, комиссия әр қазаны зерттеп үлгеретін. Ал қазір жағдай күрт қиындап кетті. Мүрделердің көптігінен физикалық тұрғыда үлгере алмай жатыр. Біздің мамандар нақты өлім себебін анықтауы тиіс.
Өткен апта соңында әлемдік басылымдардың бірі COVID-19 пандемиясының таралу картасын жариялаған болатын. Онда Қазақстан 7 күннің ішінде дертті жұқтыру бойынша әлемде 1 орынға шыққанын көрсетілген еді. Бұл статистиканы министрлік жоққа шығармады. Иә, жағдай мүшкіл. Қазір жұқпалы кеселмен күресіп жатқан 260 емделушінің денсаулығы ауыр, олар жансақтау бөлімінде жатыр. Арасында 12 жүкті әйел мен 1 бала бар. Науқастардың 72 пайызы өкпені жасанды желдету құрылғысына қосылыпты. Пневмонияға қатысты ақпарат та көңілге қонымсыз.
Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Бүгін ел бойынша стационарларда ПЦР нәтижесі теріс пневмониямен 28 мың пациент ем алуда. Пациенттердің 98,9 пайызында жағдайы орташа ауыр деп бағаланады. Солардың ішінде 330 пациенттің жағдайы ауыр.
Коронавирус жұқтырғандардың саны ресми деректен де көп болуы мүмкін. Мұны жаңа министірдің өзі растады. Себебі бүгінде барлығы бірдей полимеразды тізбекті реакциялық талдауды тапсыра бермейді.
Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Жалпы біздің коронавирус инфекциясы бойынша ресми статистика ПТР-тестілер арқылы расталған оң нәтижелерге негізделген. Мұны түсінудің маңызы зор. Әлбетте, мұндай жұқтыру жағдайлары көп болуы мүмкін. Десе де, қолдағы ресурстарды пайдалану үшін аталмыщ тестілеуге үлкен басымдық беріледі.
Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған сандық мәлімтке кезек берсек. Өткен тәулікте COVID-19 бір мыңнан астам адамнан анықталды. Сөйтіп, республика бойынша науқастардың саны 50 мыңға таяп қалды. 16 мыңнан астам емделуші сауығып шықты. Өкінішке қарай, 264 адам көз жұмды.
А. Данияр