Атырау қаласынан бірнеше шақырым жерде орналасқан «Химпоселок» шағын ауданының тұрғындары облыс орталығына жаяулап жүруге мәжбүр. Себебі мұнда автобустар қатынамайды. Бүгін Атырауда ұйымдастырылған қоғамдық тыңдауда қоғамдық көлік саласын дамытудың 5 жылдық тұжырымдамасы таныстырылды. Оған Химпоселок тұрғындары да қатысты. Тілшіміз тарқатады.
«Химпоселок» шағын ауданында 4000 адам тұрады. Олардың басым бөлігі - зейнеткерлер. Міне бірнеше ай қатарынан тұрғындар облыс орталығына жаяулап жүруге мәжбүр. Осыған дейін қатынаған жалғыз №7 маршрут пайда түсірмейді деп, алынып тасталды.
Нұрсұлу Түкілиева Атырау қ. тұрғыны:
Мектептің мұғалімдеріне де қиын - ақша шақ келмейді ғой.
Гүлбаршын Бимұханова, №7 ЖОББМ мұғалімі:
Мен осы мектепте 34 жыл жұмыс жасаймын. Көліктен қиналып жүрміз. Оқушыларға да қиын болып тұр. Мүмкіндігінше, бізге көлік беруді сұраймыз.
Тыңдауда
тұрғындарға жаңа маршруттық схемалар таныстырылды. Олар «Атырау қаласындағы
қоғамдық көлік саласын дамытудың бес жылдық тұжырымдамасы» аясында
құрастырылған. Аталған тұжырымдаманы іске асыру үшін, қалалық бюджеттен 12
миллиард теңге қажет. Бағыттардың жалпы санын алты бірлікке көбейту көзделген.
Бұл негізінен
экспресс маршруттар мен қала сыртына қатынайтындары.
Мейрім
Қалауи, Атырау қ. әкімінің орынбасары:
Атырау қаласында бұндай тұжырымдама соңғы 15 жылда жасақталмаған. оның арқасында жолаушылар басымдықтарын анықтап, жаңа бағыттардың тізімін құрастырып, автобустарға электронды билет жүйесін енгізуге мүмкіндік алып отырмыз.
Бүгінгі
таңда Атырауда 313 автобус қызмет көрсетуде. Алайда, 345 бірлік қажет. Автобустағы
жүру құны - 80 теңге. Ал «Химпоселок» тұрғындарын жаңартылған №6 маршрут
тасымалдайтын болады. Бірақ жаңа жылдан бастап қана. Сондықтан қазан, қараша
мен желтоқсан айларында олар таксиға шығындалуы қажет. Анықталғандай, бір
бағытқа жетудің құны 500 теңгені құрайды. Немесе жаяулап жүруге мәжбүр.
Дана Темірғалиева