Карантинді пайдаланып кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер көбейді. Олар тіпті, короновирусты анықтауға арналаған тест құралдарды саудаға шығаратын болған. Бірнеше алыпсатар Алматыда қолға түсті. Экономикалық тергеу департаменті мамандарының жедел іздестіру жұмыстары нәтижесінде, күдіктілердің көлігінен 9 мыңнан аса ПТР тест анықталды. Тәркіленген құралдардың жалпы құны 33 млн теңгеге жуықтайды. Заңсыз кәсіпкерлікпаен айналысқандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Жақсылық МЫРЗАХАН, АЛМАТЫ Қ. ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері күшейтілген жедел іс-шараларын жүргізуде. Көбінесе дәрі-дәрмектерді құжатсыз, арнайы рұқсатсыз сатқан жеке тұлғаларға қатысты қылмыстық істер тіркелген болатын. Сондай-ақ рейд барысында дәріханаларда дәрілер бағасын негізсіз өсіру айғақтарын анықтау бойынша жұмыстар өз жалғасын табуда.
Заңсыз дәрі-дәрмек сатып жүргендер де азаятын емес. Полиция, «азитромицин» препараты тиелген көлікті Алматы-Бішкек тас жолында қолға түсірді. Саудагерлерден 7 млн теңгенің 10 қорап дәрісі тәркіленді. Айта кету керек соңғы үш күн ішінде еліміз бойынша 20 заң бұзушылық тіркеліп отыр. Олардан, жалпы сомасы 727 млн. теңгеге тартатын дәрі дәрмек алынды.
А. Кемелжан