Жамбыл облысы Қаратау қаласының тұрғыны әділдікке жете алмай жүр. Ергенбай Мәдімаров көне үйінің едені төмен түсіп барады деп, "бармаған жер, баспаған тауы қалмағанын" айтады. Бірақ құлақ асар жан таппаған. Есесіне қоқан-лоқы жасайтындар пайда болды деп отыр.
Мәдімаровтардың отбасы 8 жылдан бері, үреймен таң атырып, кеш батыруда. Айтуларынша биліктегілер баспананың астыңғы мен жоғарғы қабаттарын тіреп тұратын қабырғаларын бұзып тастаған.
Ергенбай МӘДІМАРОВ, ҚАРАТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Адам ары-бері жүргенде кухнядағы ыдыс-аяқ сылдырлай бастайды. Қорқасың кейде, мысалы көшеден үлкен машина өтетін болса пол селкілдейді, дірілдейді. Жылдан жылға түсіп бара жатыр. Сондықтан мына астының бәрін перегородкасын востоновить ету керек.
Ал ауданның тұрғын үй коммуналдық шарушылығы бөлімінің басшысы бұл жерде еш кінәсіз екендерін айтты. Нысанды бұзған полиция бөлімі дейді. Өйткені бұл ғимарат аудандық полиция бөліміне пайдалануға берілгенін айтты. Ал олар ешкімнен рұқсат алмастан жөндеу жұмыстарын жүргізген деп отыр.
Нұрлан КҮДЕРТАЕВ, ТАЛАС АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ ТҮКШ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Ішкі істер бөлімінің тарапынан аталған жұмыстар істелінген болған. Ішкі дуалдар ауыстырылған жөндеу болған. Бізден ешқандай рұқсат алған жоқ. Жөндеу жұмыстарда солардың тарапынан жүргізілген ешқандай келісімсіз.
Аудандық полиция бөліміндегілер болса, "ат-тонын ала қашты". Олар ешқандай құрылыс жұмыстарын жүргізген жоқпыз дейді. Жылуы жоқ ғимарат жұмыс істеуге қолайсыздық тудырған соң, басқа жерге көшіп кеткендерін жеткізді.
Мадияр ҚОЖАХМЕТОВ, ТАЛАС АУДАНЫ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ КАДР САЯСАТЫ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
Ішкі сисмикалық қабырғаларды алып тастады деп жатыр. Біз ол ғимаратқа 2010 жылы кіргенбіз. Ол кезде ондай болған жоқ. Ол жерде біз уақытша отырдық. Себебі, ол ғимарат біздің балансқа кірмегендіктен ешқандай жөндеу жұмыстарын жүргізе алмадық. Қол жуатын жер және де жылу болмаған.
Дейтұрғанмен бұл жағдайға кім кінәлі екенін анықтау қиын болып тұр. Бірақ ғимарат аудан әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің меншігінде. Олар бұзылған жерлерін қайта қалпына келтіру үшін, тиісті құжаттар рәсімдеп, қаржы көздерін қарастыруға уәде етті.
Б. Жұмабайұлы