Русский Сайттың толық нұсқасы

Елде жағдай тұрақталып келеді, - ДСМ

  • AstanaTV
  • 21 шілде 2020
  • 2881

Коронавирус инфекциясынан 59 дәрігер көз жұмды. Бұл, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың ауызынан шыққан дерек. Сонымен қатар, өткен тәулікте 25 науқас қайтыс болған. Осылайша, құрбан болғандар саны 610 адамға жетіп отыр. Бірақ бұл статисикаға 150 мәйіт кірмей қалған. Өйткені, олардың өлім себебін зерттеу комиссиясы анықтап жатыр. Вице-министр Ажар Гиниятқызының сөзінше, бақилық болғандардың арасында балалар жоқ. Алайда ол, балалар ауырмайды деген сөз емес. Пандемия басталғалы бері, бір мыңнан аса кәмелеттік жасқа толмаған бала короновирусқа шалдығыпты. Бүгінгі күннің өзінде жүз бала жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдап жатыр екен.

Ажар ГИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бізде жаңа туған нәрестелерде коронавирустың қайтыс болуы туралы мәліметтер жоқ. Коронавирус жұқтырған және пневмониядан қайтыс болған жүкті әйелдердің статистикасы бар. Жүкті әйелдердің арасында шамамен 40 адам қайтыс болды.

Ал, індетке ем болатын вакцина әлі күнге дейін табылған жоқ. Дүниежүзінің көптеген елдері осы мәселемен бас қатыруда. Қазіргі таңда, кейбір мемлекеттер өздерінің жасаған екпелерін кезең-кезеңімен сынақтан өткізіп жатыр. Коронавирусқа қарсы шетелдік вакциналардың Қазақстанға қашан жеткізілетіні туралы Алексей Цой былай дейді.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Қазақстан барлық елдердің вакциналарын зерттеп жатыр. Олар клиникалық сынақтардан белгілі тәртіп бойынша өткізілуде. Біз Ресей дайындаған вакцинасын білеміз, сонымен қатар ондағы әріптестерімізбен белсенді түрде жұмыс жүргізіп отырмыз. Жеткізу мерзімі вакциналардың клиникалық сынақтардың барлық кезеңінен өткендігі туралы ресми растау болған кезде болады.

Денсаулық сақтау министрлігі, тамыздың 1-нен бастап COVID-19 статистикасына өзгерістер енгізетінін хабарлаған болатын. Коронавирус пен пневмония сандық деректері біріктірілмек. Дәрігерлерге қатысты да тың ақпарат айтылды. Цой мырзаның сөзінше, осы күнде медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеу мәселесі қайта қарастырылып жатыр.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Бізде мұндай стандарттар жоқ. Бірақ пневмония өтемақысы туралы мәселені бұл осы екі аурудың статистикасы біріктірілген кезде қарастырамыз. Қазір ондай құқықтық акті жоқ.

Еске сала кетейін, қызмет бабында дертке шалдыққан ақ халаттыларға, 2 миллион теңге. Ал, қайтыс болған жағдайда туыстарына 10 миллион теңге өтемақы төлеу қарастырылған болатын. Бұдан бөлек, карантин режимі болашақта жеңілдеуі мүмкін. Әрине егер індеттің таралуы өршіп кетпесе.
Енді, COVID-19 бойынша ағымдағы жағдай: өткен тәулікте 1600-ден астам адам кеселге шалдыққаны белгілі болды. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны: 73 мыңнан асты. 45 мың науқас сауығып шықты.

А. Данияр