Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркияда апатқа ұшыраған 7 қазақстандық елге қайта алмай отыр

  • AstanaTV
  • 27 қыркүйек 2017
  • 2320

Түркияда апатқа ұшыраған 7 қазақстандық туристің үшеуі елге оралды. Бұл туралы Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы хабарлады. Түркияда жол апатына ұшырап, төсекке таңылғандар елге жету үшін Қазақстан тарапынан ешқандай көмек болмай отырғанын айтқан еді. Мәселеге араласқан депутаттар туристерге қол ұшын созуы тиіс "Қамқор" ұйымына шүйлікті. Мән-жайды тілшіміз Диана Сапарқызы анықтады.

Қазақстандық туристерге қамқор болуы тиіс "Қамқор" қоры өзіне тиесілі қызметін атқармай отыр. Үкіметке сауал жолдаған Мәжіліс депутаты мұндай ұйымды тарату керек деп мәлімдеді. Өйткені бұл жағдай бірінші рет болып отырмаса керек.

Дания Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қазақстандықтарды бұл қиын жағдайдан шығару тікелей "Туристік қамқордың" міндеті деп сеніммен айта аламыз. Біз "Ақ жол" фракциясы осы қордың әрекетсіздігіне үкіметтің араласқанынын қалаймыз. Егер Түркиядағы жерлестерімізді "Қамқор" жеткізуге әрекет етпесе, біз бұл ұйымды түгелімен таратуды сұраймыз.

Алайда, "Қамқор" қорының басшысы бұл біздің тікелей міндетіміз емес деп отыр. Өйткені жастар Түркияға өз беттерімен ұшып кеткен дейді.

Асылхан Есілов,  "Туристік қамқор" қорының директоры:

Әуе билетті өздері алды. Екіншіден, сақтандыру полисі жоқ оларда. Қазіргі таңда Туристік қамқор уәкілетті мемлекеттік органдармен бірігіп, осы мәселені шешіп жатыр.

Мәселені шешуге Сыртқы істер министрлігі де араласқан. Ведомствоның ресми өкілі оларды елге жеткізуді қолға алғандарын айтты. 

Әнуар Жайнақов, Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

Ауыр жараланған бес қазақстандықтың медициналық шығыстарын такси жүргізушінің сақтандыру компаниясы өзіне алатын болды. Тағы екі азаматымыз бойынша төлеу мәселесі шешілу үстінде. Қазір біздің қазақстандықтардың жағдайы тұрақты. Оның ішінде екі азаматымыздың жамбас сүйектері сынған, бір қызымыздың миі қатты шайқалған. Олардың барлығы да өз бетінше қозғала алмайды.

Апатқа ұшыраған жастардың барлығы Алматы облысының тумалары. Талдықорған қалалық әкімінің баспасөз хатшысы олардың үшеуі елге оралғанын айтты.

Данияр Сисенбаев, Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

Түркияда жатқан сол ерлі зайыптылардың жездесі бар - Ербол Хаметов деген жігіит. Сол жігіт маған айтып отыр. Қазір жарақаттары серьезный болмаған, жаңағы үшеуі өздерінің күштерімен елге жетті. Өздерінің қаржыларымен, әрине. Отыра алатын болғандықтан. Ал мына кісілер отыра алмайды. Жатқызып тасымалдауға қиналып жатыр. Әлі жете алмай жатыр.

Алайда, Түркиядағы консулдық өкілдері ол мүмкін болғанымен, ақпараты растамады. Жағдайы ауыр науқастардың әлі Түркияда екені белгілі. Асель Сағындықованың анасы, қызымды елге аман жеткізіп берсе болды, деп отыр.

Сәуле Сағындықова, Асыл Сағындықованың анасы:

Елге аман-есен жеткізу. И потом соответствующее лечение уже здесь. Ондан басқа ештеңе де керек жоқ.

Диана Сапарқызы, тілші:

Қазақстандық туристер 21 қыркүйекте апатқа ұшыраған. Олар отырған көлікке жылдамдықпен келген басқа көлік соқтығысқан. Туристер мінген көлік жүргізушісінен өзге 3 адам мерт болған. Ал ажалдан аман қалған жерлестер елге жету үшін қазақстандық құзырлылардың ешқайсысы қайыр болмай отырғанын БАҚ арқылы жариялаған болатын.

Диана САПАРҚЫЗЫ