Қызылжарлықтарға орманда демалуға тыйым салынуы мүмкін. Облыстық әкімдік осындай қаулы жобасын дайындап қойыпты. Құжатқа сәйкес, ауа температурасы 25 градустан жоғары болған кезде жұртқа орман алқаптарына жолауға болмайтын көрінеді. Қаулы, ресми ақпарат құралдарына жарияланбады. Алайда, электрондық үкімет порталына ілінген. Қалың бұқара бұл жаңалықты оң қабылдамады. "Бұл, азаматтарды таза ауадан шектеу", дейді жергілікті тұрғындар.
Арман БАЙҚАДАМОВ, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:
Міне қазір карантин деп отырмыз ғой.Бала шаға бәрі үйде отыр. Шыны керек, әрең ұстап отырмыз. Адам деген аптасына бір рет тау-суға шығып отыру керек. Негізі сол қаулысы дұрыс емес деп санаймын.
Светлана КАТЕНЦЕВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:
Орманды жабу дұрыс емес. Қалада тынысым тарылады. Орманға қалай шықпаймыз? Ол жер онсызда қоқыстан көрінбейді. Сондықтан шектеу енгізгенше, бақылауды күшейтсін.
Әкімдік өкілдері бұл жергілікті биліктің емес, экология министрлігінің бастамасы деп ақталды. Демек, құзырлы органның нұсқаулығы тек Солтүстік өңірді ғана емес, орманы бар өзге аймақтарды да қамтыса керек.
Айнар МАХМЕТОВА, СҚО ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Ауа температурасы көтерілгенде, ормандарда өрт қауіптілігі артады. Еліміз бойынша солай. Сондықтан экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі орман қорын сақтауды көздеп отыр. Бұл нұсқаулық бізге шілденің 21 күні келді. Оны бекітудің өз ережесі бар. Қазір қаулының жобасы сол ережеге сәйкес пысықталып жатыр.
Ал төтенше жағдай қызметінің мәліметін сараптасақ, биыл Қызылжар өңірінде ормандағы өрт саны керісінше азайып отыр. Сандарға қарасақ, орман өртіне көбіне қарапайым тұрғындар емес, шаруашылықтар кінәлі екен.
Нұрлан АТЫҒАЕВ, СҚО ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жыл басынан бері өңірде 17 орман өрті тіркелді. 37 гектар жер өртеніп кеткен. Бірақ бұл былтырғы жылдан қарағанда шамамен 10 пайызға төмен. Орман өртіне негізінде шаруашылықтар айыпты. Олар дала шөбін өртеген кезде жалын тілі орманға өтіп кетеді. Жыл басынан бастап 800ге жуық рейд жүргізілді. 170 тен астам адам әкімшілік жауапқа тартылды.
Қаулы жобасын облыс әкімі қолдап, қол қойыпты. Дегенмен ол құжаттың қабылданғанын білдірмейді. Өйткені, бұл мәселе жақында қоғамдық тындалымда талқыланады екен. Табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мамандары сөзіне сенсек, қаулы азды-көпті өзгерістергі ұшырау әбден мүмкін. Себебі, Петропавлда демалыс орындарының дені осы орман алқаптарында орналасқан.
А. Құрманкин