Русский Сайттың толық нұсқасы

Атыраулықтар гараждарына учаскелік полицейдің көмегімен ғана кіріп-шыға алады

  • AstanaTV
  • 12 тамыз 2020
  • 2168

Атыраулықтар өздеріне тиесілі гаражға кіріп-шығу үшін учаскелік полицей шақыруға мәжбүр. Өйткені олардың көлік қоятын орындарын құрылыс компаниясы қоршап алып, жұмысты бастап кеткен. Гараж иелерінің айтуларынша, құрылысшылар көлік орындарын бұзып алып кетуді талап етіпті. Өйткені ол жер компанияға берілгенін жеткізген. 

Сергей КУЗЬМИН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қазір олар біздің гараждарды заңсыз деп табуды сұрап, сотқа берді. Кадастр нөмірімізбен жер комитетіне сұраныс берген едік. Олардан «сот өтіп жатқандықтан, шекарасын анықтап бере алмаймыз» деген жауап алдық. Өмірбақи бұл гаражға салық төлеп келдік. Қазір гаражымызға кіре алмай жүрміз. Велосипед, тосап, салаттарымызды алу үшін учаскелік полицей шақырамыз.

Рүстем ИБРАИМОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жердің бұрынғы қожайынмен соттасып, сотта біз жеңген едік. Ол, жерді басқаға сатып жіберген. Енді жаңа қожайыны келіп, біздің гаражды «бұл жерде кадастрлық нөмір бойынша заңсыз тұр» дейді. Заңсыз деген әңгіме болмау керек. Өйткені бұл іске сот нүкте қою керек деп есептеймін. Біздің қолымызда барлық құжаттарымыз бар. Егер мемлекеттік құжаттар заңсыз болатын болса, онда заңгерлер, соттар қарасын.

Басы дауға қалғандардың ұзын саны 5-у. Олардың арасында Алпысбай Аралбаевта бар. Ол 1998-ші жылы әкімдік бекітіп берген жерге өз қолымен гараж тұрғызыпты. Бірақ жақында ғана кадастрлық нөмір бойынша көлік қоятын орны мүлдем басқа аумақта орналасқанын біліп, аң-таң.

Алпысбай АРАЛБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қазір мына жерде құрылыс жұмыстары жүретін болғаннан кейін маған келіп,  сіздің гаражыңыз орнында тұрған жоқ, бұзып алуыңыз керек,- деп әңгіме айтып жатыр. Сондықтан мен кадастр бөліміне барып,  тексерген кезде «кадастр бойынша өз орнында тұрған жоқ»,- деп айтады. Ол кімнің кінәсі?

Ал гараж иелерін шулатқан «Асар Құрылыс Групп» компаниясы бұл аумаққа көпқабатты бірнеше үй салуды жоспарлап, істі бастап кеткен. Компания басы дауға қалғандарға ұсыныс жасадық деп отыр.

Аманкелді СҮЛЕЙМЕНОВ, «АСАР ҚҰРЫЛЫС ГРУПП» ЖШС БАС ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:

Біз бұларға техникалық орын деген болады. Ғимараттың астына. Сол техникалық орын береміз. Квадратына  қарап, 30 квадрат па техникалық орын берейік деп тұрмыз. Келіспейді олар.

Ал гараж қожайындары, мұндай ұсыныс жасалмағанын айтты. Әрі ол жерге автокөлік қоятын мүмкіндік болмаса, келіспейміз,- деп отыр. Қалалық әкімдік аталған компанияның құрылыс бастауға рұқсатты жоқ екенін анықтапты. 

Ерлан ҚАБДИНОВ, ҚАЛАЛЫҚ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

«Асар Құрылыс групп» ЖШС құрылысқа қатысты рұхсат алу құжаттарын алмаған. Әкімдікке де келген жоқ. Бұл орайда компания басшысына рұхсат алмастан құрылысты бастауға болмайтындығы түсіндірілді. Біз қадағалаушы органға хат жібереміз. Олар әрі қарай бұл істі тексеріп, т иісті шара қолданады.

Атыраулықтар мен құрылыс компаниясы арасындағы бұл дау қалай аяқталатыны әзір белгісіз. Тараптардың мәселесін сот қарауды бастады. Дейтұрғанмен тұрғындар сот процесі біткенше гаражға кірер қауіпсіз жолды қамтамасыз етуді талап етуде.

Б. Надирқызы