Рудный қаласында көп балалы ана баспана тауқыметін тартып жүр. Әлия Сандыбаева бюджеттік ұйым қызметкері ретінде 12 жыл бұрын үй кезегіне тұрыпты. Содан бері әркімнің лашығын жалға алып, күнелтіп келеді.
Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:
Көп балалы ана көктемнен бері осы шағын отбасылық баспананың тар бөлмесін паналап отыр. Тоғыз шаршы метрге 40 мың теңге төлейді. Екі айдан бері жалдау құнын бере алмадым,- дейді жалғызбасты келіншек. Енді ол қаршадай қыздарымен далада қаңғып қалам ба деп қамығады.
Балаларының алды 9-шы сынып бітірсе, кеншесі 2 жаста. Отбасының жалғыз табысы отанасының жалақысы ғана. Тар бөлмеде тарыққандардың айтуынша кейде азық-түлікке де ақша жетпей қалады. Арнайы әлеуметтік көмектен де қағылған. Ажырасқан күйеуі алимент төлемей, жалтарып жүр.
Әлия САНДЫБАЕВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА:
Осы қиын отбасылық, қаржылық жағдайыма байланысты биыл күзде ме қай уақытта пәтерлер күзде беріледі деді. Тым болмаса желтоқсанда берсе деген менің өтінішім сол. Білмеймін. Қаңғып қалатын шығармыз.
Рудный шаһарында 141 көп балалы отбасы бүгінде баспанаға мұқтаж. Олардың отызы жуырда үйлі болмақ. Бұл жергілікті атқамінерлердің дерегі. Бірақ ол тізімге Әлия Сандыбаева ілікпепті.
Марина ВЕЛЬ, РУДНЫЙ қ. ТҮКШ БӨЛІМІ ТҰРҒЫН ҮЙ СЕКТОРЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Қазір ол кісі үй кезегінде жетпіс бірінші боп тұр. Тұрғын үй қатынастары жөніндегі заңнамаға сәйкес ол баспананы кезегі келгенде алады. Құрылыс аяқталып, үй қолданысқа беріле салысымен пәтермен қамтамасыз етеміз. Жоспар бойынша келесі жылы нақты үйлі болуы тиіс.
Сандыбаева сан рет әкімдік табалдырығын тоздырып, шенеуніктерден баспана мәселесін шешіп беруді сұрапты. Шаһар басшысы биыл үй беріледі деп сендірген. Алайда оның қарамағындағылар әкім уәдесін келесі жылы орындалмақ. Оған дейін қолдан келгенше қол ұшын созамыз,-деді.
Әнуар ЕСҚАТОВ, РУДНЫЙ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Оның мәселесі шешіледі деп ойлаймын. Спонсор іздейміз. Уақытша тұра тұруға бір жай болса. Оның бәрін қарастырамыз. Комиссия жұмыс істеуде қазір.
Әлия Достиярқызы әлі де болса әкімдікке үміт артады. Жергілікті билік тағы уәдесінен тайқыса төрт баласын жетектеп әкімдік алдына түнеуге бел буып отыр.
З. Санай