Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда жаңа спортзалдың құрылысына қатысты дау туды

  • AstanaTV
  • 14 тамыз 2020
  • 2691

Қызылжарда ботаникалық бақ пен балаларға арналған спорт клубының арасында дау туды. Клуб бақтың қасынан көктемде жаңа спортзалының құрылысын бастапты. Бірақ бұған ботаникалық бақтың басшылары қарсылық білдірді. Осының салдарынан құрылыс жарты жолда тоқтапты.  

Степан ПРИТУЛА, СПОРТ КЛУБЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз бұл жердегі ескі үйлерді өз қаражатымызға сатып алып, сүріп тастадық. Кейін әкімдіктен барлық рұқсат қағаздарын алып, спортзал құрылысын бастадық. 180 миллион теңгеге материал сатып алып, ғимараттың қаңқасын құрдық. Бірақ көрші тұрған ботаникалық бақ бұл құрылысқа қарсы болып шықты.


Мемлекеттік ботаникалық бақ өкілдері, өсімдіктерінің келешегіне алаңдаған. Олар спортзал биіктеген сайын жасыл желекке күн түспей қалады деп қауіптенеді. Оранжерея жетекшісі экспертиза шақыртып, құзырлы органдарға жүгінген.

Артур РЯЗАПОВ, БОТАНИКАЛЫҚ БАҚТЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Біз Нұр-Сұлтан және Омбы қалаларынан мамандарды шақыртып, күн сәулесінің инсоляциясын жасаттық. Сараптама қорытындысына сәйкес, қараша айынан бастап көктем мезгіліне дейін бұл спортзалдың көлеңкесі біздің өсімдіктердің орта беліне дейін түсіп тұрады. Күн сәулесінің тапшылығынан пальма сынды бірегей өсімдіктер болашақта өліп қалуы мүмкін. Осы мәселеге қатысты Президент әкімшілігіне және құрылыс комитетіне арыз жаздық. Бұл ғимаратты бұзып, басқа жерде салу керек деген талап қойып отырмыз.

Ботаникалық бақ өкілдерінің арызынан кейін, әкімдік құрылысты тоқтатқан. Бірақ, олар оранжереяға көлеңке түседі деп емес, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмай отырғанын айтты.  

Біржан КӨШЕРБАЕВ, СҚО МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ЛИЦЕНЗИЯЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ УАҚЫТША МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:


Сәулет-құрылыс басқармасы құрылыс алаңында жоспардан тыс тексеру жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады. Өрт қауіпсіздігінің талаптары орындалмады. Яғни, қоршау мен ғимараттың арасында техника өтуі үшін кемінде сегіз метрдей орын қалдыру керек. Ал қазір спортзал мен қоршаудың ара қашықтығы 3 метр ғана. Осыған байланысты Петропавл қаласының құрылыс бөлімі бұрынғы эксиздік жобаны қайтарып алды.


Құзырлы органның талабымен клуб өкілдері келісер емес. Олар прокуратура мен жемқорлыққа қарсы агенттікке арызданып, әкімдікпен соттаспақ. Айта кету керек, бұл ботаникалық бақтың алғашқы даулы мәселесі емес. Мемлекеттік оранжерея өкілдері бұған дейін де түрлі себептермен жанжал шығарып, халық назарына ілінген болатын.

А. Құрманкин