Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандық әскери дәрігерлер Ливан халқына көмек көрсетіп жатыр

  • AstanaTV
  • 18 тамыз 2020
  • 2537

Ливандағы жарылыстан зардап шеккендерге қазақстандық әскери дәрігерлер  көмек көрсетуде. Арнайы мақсаттағы әскери-медициналық жасақ  Бейрут, Боуар, Машғара және Сайда қалаларына барды. Олар, жарылыстан дене жарақатын алған ливандықтарға амбулаториялық көмек көрсетіп, ота жасауда. Еске сала кетейін, тамыздың 4 күні Бейрут портында аммиак селитрасы жарылып Ливан астанасын дүр сілкіндірген.

Ливан астанасында күшті жарылыс болғаннан бері екі апта өтсе де жағдай ауыр. Алапат апаттан, 170-тен астам адам қайтыс болып, 6 мыңға жуық ливандық дене жарақатын алды. Бейрут бұл жарылыстан әлі айыға қойған жоқ. Елдегі Төтенше жағдай режимі тағы ір айға созылды. Ауруханаларда науқас көп. Ал, қаланың сиқы мынау. Қираған үйлер, күйі қашқан халық.

Мемлекет басшысы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Бейрутқа қазақ әскери дәрігерлері ұшып барды. Мақсат: Ливан халқына қол ұшын беру.

Біздің жауынгер-дәрігерлер алғашқы күннен ақ жүздеген ливандыққа көмек көрсетті. Олар, Бейруттағы әскери госпитальдар және муниципалдық ауруханаларда жұмыс атқаруда. Ливанға барған әскерилер арасында, жоғары білікті дәрігерлер, хирургтар, травматологтар мен нейрохирургтер, анестезиолог-реаниматологтар және орта медициналық персонал бар. Қазақстандық мамандарды Бейрут халқы жылы қабылдады.

Фади ЭХРИ, БЕЙРУТ ТҰРҒЫНЫ:


Мен Ливанның оңтүстігіненмін. Бейрутта тұрамын. Осы қиын-қыстау кезеңде қол ұшын бергені үшін Қазақстан басшылығына және әскери дәрігерлерге алғыс айтамын. Менің халқыма көмек көрсеткені үшін алғысымды білдіргім келеді. Алапат жарылыс орны толмас қайғы әкелді. Көмек қолын созатын жомарт жандардың бары қуантады. Алдағы уақытта бәрі қалпына келеді деп үміттенемін.

Али ДИРАНИ, ЛИВАН СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:


Қиын кезде қол ұшын беріп, көмек көрсеткені үшін, бүкіл Қазақстан халқына және Президентке шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл біз үшін маңызды. Ел тез еңсесін көтеріп, бұрыңғы қалпымызға келеміз деп сенемін.


Қытайлық індет бүкіл әлемді жаулады. Пандемия кезінде, инфекционистер мен терапевттер өзімізге де керек. Сондықтан Ливанға барған әсери дәрігерлер тобына бұл мамандар кірмеді. Дегенмен алғашқы медициналық көмек көрсететін және күрделі ота жасай алатын білікті мамандар барды. Айта кетейін, Бейрут портында ресейлік кәсіпкерге тиесілі аммиак селитрасы өртеніп алапат жарылыс болды. Бұл химикаттардың порт қоймасында алты жыл сақталғаны белгілі болды. Апатқа байланысты тергеу амалдары әлі жүріп жатыр.

Ғ.Өтемісов