Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайда жұмыспен қамту жол картасы жүзеге асты

  • AstanaTV
  • 18 тамыз 2020
  • 3000

Талпынғанға табыс бар. Қостанайда жұмыспен қамту жол картасы аясында екі мыңнан астам адам екі қолға бір күрек тапқан. Әсіресе пандемия тұсында жұмыссыз қалған әлеумет игі бағдарламаның игілігін көрді. Десекте, жұмыспен қамту орталығының өкілдері әлі де бос орындардың бар екенін айтады. Тіпті, кейбір инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жұмыс қолы жетпей жатқан көрінеді.

Арқалықтың тумасы Асылан Құлмұраттың мамандығы электр-монтер. Туған өлкесінде жұмыс таппаған жас маман, қалалық жұмыспен қамту орталығына жүгінген көрінеді. Көп ұзамай  Қостанайдағы компаниялардың біріне орналасқан.

Асылан ҚҰЛМҰРАТ, «ЭПК-FORFAIT» ЖШС ЖҰМЫСШЫСЫ:

Мен жұмыспен қамту орталығына барып тіркелдім. Сол кісілердің көмегімен азғана уақыттың ішінде Қостанай қалалық электр желісі компаниясына жұмысқа тұрдым. Өзімнің мамандығыма, іздеген жұмысымды тапқаныма өте қуаныштымын.


2020-2021 жылдарға арналған бағдарлама аясында аймақта 14 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады. Соның тең жартысы жұмыспен қамту орталығы арқылы орналасады. Жол картасын жүзеге асыратын мекемелер мен мердігердің межелі жоспары бар. 

Дидар АМАНЖОЛОВ, «ЭПК-FORFAIT» ЖШС БАС ИНЖЕНЕРІ:

Жұмыспен қамту жол картасы бойынша біздің жоспарымыз 168 адамды орналастырау. Енді мамыр айынан осы күнге дейін 98 адамды алдық. Олар бізге баған қою, шамдар орналастыру, сым тарту және оның бәрін подстанцияға қосуға көмектеседі.

Жалақы - 85 мың теңгеден жоғары. Жұмыспен қамтылғандар  қаладағы әлеуметтік-мәдени,  инженерлік- инфрақұрылымдық нысандар мен тұрғын үйлерге  күрделі , орташа және ағымдағы жөндеу жүргізуге атсалысады. Биыл облыста құны 53,7 миллиард теңгені құрайтын 284 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асады. Қазірдің өзінде  6715 жұмыс орны құрылды. Оның төрт мыңнан астамы орталық арқылы орналасқан.

Ақбөпе МАНАТОВА, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Қостанай қаласында жол картасы шеңберінде 98 инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Қазіргі уақытта жұмыспен қамту орталығы арқылы екі мыңнан астам адамдар жұмысқа орналастырылды. Және қазіргі жобаларда бізде бос жұмыс орындары бар.

Вакансия бар. Маман жоқ. Әсіресе  ұсталар мен дәнекерлеушілер, жүргізушілер жетіспейді,- дейді жұмыспен қамту бөлімі. Қазіргі таңда Қостанай бойынша сегіз жүзден астам адам  ресми жұмыссыздар тізімінде.

З. Санай