Русский Сайттың толық нұсқасы

Жолы нашар Павлодарда бір көлік шұңқырға түсіп кетті

  • AstanaTV
  • 20 тамыз 2020
  • 2249

Еліміздің көптеген аймақтарында жол сапасы сын көтермейтінін білеміз. Павлодар өңірі де "тақтайдай" жолымен ерекшеленбейді. Күні кеше ғана мұндағы орталық көшелердің бірінде келе жатқан көлік шұңқырға түсіп кеткен. Абырой болғанда жүргізушісі аман. Полицейлердің айтуынша, жол жөндеп жатқандардың жауапсызыдығы бұған- себеп болған. Тараптарды тындаған әріптесім тапқырыпты тарқатады.

Бұл келеңсіздік Қамзин және Қазправда көшелерінің қиылысында болды. Полицейлердің айтуынша, көлікті тізгіндеген жас жігіттің ішімдік ішкені анықталыпты. Оған қоса оның шұңқырға түсіп кетуіне жол белгілерінің дұрыс орнатылмауы да себеп болған.

Жанна БІЛӘЛОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Аталған факті бойынша тексеру жүргізілді. 25 жастағы көлік жүргізушісі рөлде мас болған. Оған қатысты полицейлер әкімшілік іс қозғады. Жауапкершілікке тартылатын болады.

Ал жолға арнайы жол белгілерін орнатпаған мердігер 10 АЕК көлеміндегі айыппұлмен құтылды. Оларға бұған дейін полицейлер 4 рет әкімшілік шара қолданыпты. Мұны әкімдіктегілер де растады.

Темір ҚАСҚАБАЕВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Аталған участоктегі мердігерге құзырлы органдар бірнеше рет айыппұл салды. Өйткені, ол жол қауіпсіздігін сақтамайды. Қоршаулар мен жол белгілерін әлі орнатпаған.

Дегенмен ескертуді елемейтін мердігер компания өкілдерімен кездесудің сәті түспеді. Қоңырауымызға жауап қатпады.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Қазір күні шаһарда заңсыз қазылған осындай 16 участок бар. Оларға мамандар бірнеше мәрте ескерту жасап, айыппұл да салған. Өйткені, бұл шұңқырлардың кейбірінде тіпті қоршауда қойылмапты.

Қалада жалпы саны 600-ден астам жер учаскесі қазылып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда, жергілікті шенділер жылу тарту жұмыстарын енді ғана бастаған сыңайлы.

Нұрдәулет НЕСІПҚАЗИЕВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Қазір бұл аумақта жылу құбырын тартып жатырмыз.  Аталған магистраль «Достық» ауданына дейін жеткізілетін болады. Жұмыстарды 15 қазанға дейін аяқтауды  жоспарлап отырмыз.

Көлік құлаған шұңқырды шенділер өздері бақылауға алыпты. 5 рет ескерту жасалса да, айыппұл арқаласа да міз бақпаған мердігерге атқамінерлер қатаң жаза қолданамыз деп уәде етті.  

Ө. Қуанар