Русский Сайттың толық нұсқасы

Хәл үстінде жатқан Навальныйды Германия дәрігерлеріне бермей қойды

  • AstanaTV
  • 21 тамыз 2020
  • 2179

Уланып қалған ресейлік саясаткер Алексей Навальныйды омбылық дәрігерлер Германия мамандарына бермей қойды. Оның себебін, «Науқас хәл үстінде жатыр. Алыс жолды көтермейді», деп түсіндірген. Ал, Навальныйдың жақтастары болса, «Билік удың ізін жою үшін әдейі уақыт созып жатыр», дейді. 

Айтса айтқандай. Оппозиция серкесінің уланғанына бір тәулік өткеннен кейін Ресейдің мемлекеттік ақпарат құралдары, «Навальныйдың ағзасынан «у» табылмады», деп жарыса жазып жатыр. Ал, әлем елдері болса саясаткердің денсаулығына алаңдаулы. Франция мен Германия басшылары Навальныйдың отбасына көмек беретіндерін айтты.

Ангела МЕРКЕЛЬ, ГЕРМАНИЯ КАНЦЛЕРІ:

Ол, тез сауығып кетеді деп үміттенеміз. Егер қажет болса қажетті медициналық көмек беруге дайынбыз. Рұқсат берілсе, Омбыға білікті дәрігерлерді арнайы жабдықпен жібереміз, қажет болса Германияға алып кетеміз.

Эммануэл МАКРОН, ФРАНЦИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз де қолымыздан келген көмекті аямаймыз. Ем көрсетуге немесе саяси баспана беруге де дайынбыз.

Бірақ, Ресей оппозиционерді ешқайда жібергісі келмейтін сияқты. Түрлі себептер айтып ақталуда. Басында Омбы дәрігерлері ауруханаға әйелін кіргізбей қойған. Блогерлердің айтуынша, неке қию туралы куәлік талап етіп, тұрып алыпты. Кейіннен «Навальныйдың қасында жатқан науқасы қарсылық білдірді», дегенді шығарған. Енді міне, хәл үстінде жатқан саясаткерді шетелге жібермейтіндерін айтып жатыр.

Александр МУРАХОВСКИЙ, ОМБЫ ЖЕДЕЛ-ЖӘРДЕМ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:


Бірнеше сағаттың ішінде жағдайы жақсарды. Бірақ әлі ауыр хәлде. Ол алыс жолды көтермейді.

Навальныйдың кенеттен ауруханаға түсуі Ресейде түрлі толқулар тудырды. Бір адамдық пикеттер көбейді. Дені, «Оппозиция серкесін Кремль улады», дегенді айтады. Бұған демократиялы елдерде иланатын сияқты.

Роберт О'БРАЙН, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСШІСІ:


Егер Навальныйдың ауыр жағдайына Ресей билігінің қатысы бар болса, онда ол АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа әсер етпей қоймайды.

Еске сала кетейін. Ресей оппозициясының көш басшысы Алексей Навальный тамыздың 20 күні ес-түссіз Омбы ауруханасына түскен. Оны, Томскі әуежайында әдейі улады деген күдік бар. Навальныйдың жағдайын дәрігерлер «тұрақты ауыр», деп бағалауда.

Д. Мұхаммедкәрім