Русский Сайттың толық нұсқасы

Ауыз судан тарыққан тараздықтар сасық су ішуге мәжбүр

  • AstanaTV
  • 28 тамыз 2020
  • 3784

Таразда ауыз судан тарыққан тұрғындар лайланған, қолқаны қабатын иісі бар суды ішуге мәжбүр. 50 жылдан бері тіршілік көзіне қол жеткізе алмай отырған халық, арнамызға шағымданды. Мәселені шешетін шенді таппағандар қолдан құдық қазып алып, күн көріп жүр. Бірақ соңғы кезде оның өзі құрттап кеткенін айтады.

Бұл массив қалаға қарайды. Тіпті ресми атауы да жоқ. Көпшілік "Талчок" деп атап кеткен. Шамамен 2 жүзге жуық отбасы бар. Ауыз судың мәселесі жылдар бойы шешілмеген. Базыналы халық шешуге ниетті шенді де болмады деп күйінеді.

Жаңабай ОСПАНОВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Не деген сұмдық, бұл. Осы жерде 50 жыл тұрдым мен, көшіп келгелі. Мен ауыз суды машинамен тасимын мынаны қараңыз. Өйткені мына отстойник жақын. Оны мен апарып экспертиза, мына кісі біледі тексерткенде бізге ішуге жарамайды деген.

Майқы КЕНЖЕЕВ, ТАРАЗ ҚААСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Көлігі барлар тасып ішіп жатыр. Ал көлігі жоқ біз сияқтылар анау сасық суды ішіп жатырмыз. Шелекке мысалы су алып қойып қойсаңыз. Таңертең қарасыңыз түбінде мынау бір елідей қақ тұрады. Ішінде мынау кәдімгі ине жіптің жіңішкелігіндей құрт жүреді.   

Мамандар бұл суды ішуге болмайтынын ескерткен. Себебі, іргеде қаладан шығатын кәріз жүйесінің тұндырғышы орнатылыпты. Жергілікті атқамінерлер болса жағдайға қанық. Бірақ мәселені шешуге қаржы қолбайлау деді. Оған қоса әдеттегідей уәде бергеннен жаңылмады.

Асхат ЕСЕНАЛИЕВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Құдықтан су ішіп отырған жаңағы қасында нефтебаза бар деген сұрақтар көтерілген, суынан иіс шығады деп. Ал, жаңағы аталған Мәмбет батыр көшесінің 1 ші, 2, 3, 4-ші тұйығы, жалпы қасындағы көшелер бойынша бүгінгі таңға жобалық сметалық құжаттары толығымен дайын. Бұл көшелерге біз келешекте жасайтын боламыз.

Әкім орынбасары ауыз су болады деді. Бірақ уақытын нақты айта алмайды.

Берік ЖҰМАНБАЙҰЛЫ, ТІЛШІ:

Базыналарын айтқан бұқараның мәселесі мұнымен бітпейді. Жолы жоқ көшелерде жүйкелерін жұқартқан. Жаңбыр жауса балақтан батпақ кешетіндерін айтты.


Халық әкімдіктің жаттанды уәдесінен жалыққан. Жергілікті билікке сенбейді. Балаларының денсаулығына алаңдаса да, лайланған, әрі құрт басқан суды пайдаланудан басқа амалдары жоқ.      

Б.Жұмабайұлы