Русский Сайттың толық нұсқасы

Үкімет басшысы Парламентке келіп, коронавируспен қалай күрес жүргізіп жатқаны туралы толық есеп берсін, - депутаттар

  • AstanaTV
  • 02 қыркүйек 2020
  • 2784

Үкімет басшысы Асқар Мамин Парламентке келіп, коронавируспен қалай күрес жүргізіп жатқанын баяндасын. Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев бүгін осындай депутаттық сауал жолдады. Айтуынша, індетпен күреске қырауар қаражат бөлінгенімен елдің медициналық бетпердеге қолы жетпеді. Төменгі палатының жалпы отырысынан Әлішер Өмірзақ жалғастырады.

Мәжілістің бүгінгі отырысы жылдағыдан өзгерек. Әдетте, жалпы отырыста көп дегенде 10-15 мәселе көтеріліп келген болса, бүгін бірден 23-і қаралды. Ал, депутаттық сауалға келгенде басқаларынан Нұржан Әлтаев ерекшеленді. Ол, бірден Үкімет басшысына шүйлікті. Пандемиямен алыс майданында Үкіметтің жұмысы мардымсыз, дейді.

Нұржан ӘЛТАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы. Сізді Парламентке келіп, халықтың, халық қалаулыларының алдында есеп беруіңзді өтінемін. Коронавируспен күресте қандай жұмыстар атқарылды, бөлінген ақша қалай жұмсалды? Неше адам қаза тапты, жағдайдың қиындауына не себеп болды? Министр кетті, бірақ болған оқиғаға кім жауап береді?

Нұржан Әлтаевтың, Үкіметті Парламентке шақыруы басқа депутаттарды да арқаландырса керек. Аманжан Жамаловты, күнкөріс мөлшерін санап шыққандар күйіндірді. Депутаттың айтуынша, ресми деректерге сәйкес әр азамат азық-түлікке айына 18 мың теңге ал, тұрмыстық тауарларға 15 мың жұмсап жүр екен. Шын мәнінде шығын одан көп, дейді. Күнкөріс минимумын дүкенге бармайтын шенеуніктер бекітіпті...

Аманжан ЖАМАЛОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Мұндай төмендетілген стандарттар әлеуметтік саясатқа сенімсіздік тудырады. Ең төменгі күнкөріс деңгейін қалай есептейді деген мәселе көтерілуі заңды. Неліктен бұл маңызды? Базалық зейнетақының, мүмкіндігі шектеулі адамдарға, асыраушысынан айрылған отбасыларға берілетін жәрдемақының, атаулы көмектің, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырғандарға берілетін жәрдемақының мөлшері осы күнкөріс минимумына байланысты.

Айтса айтқандай. Ресми мәліметтердің де кейде екі сөйлейтіні бар. Күнкөріс мөлшері 33 мың теңге деп көрсетілгенімен, статистика комитеті, "2020 жылдың алғашқы тоқсанында қазақстандықтар кемінде 55 мың теңге жұмсады", деп хабарлады. Депутат, күнкөріс деңгейін қайта қарау керек, деген пікір білдіріп отыр.

Ә. Өмірзақ