Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда 360 үйге жаңа жеделсаты орнатылмақ

  • AstanaTV
  • 02 қыркүйек 2020
  • 1978

Қарағанды облысында 360-тан аса жеделсаты жаңалауды қажет етеді. Жыл басталғалы ауқымды жұмыс басталып, игілігін көріп жатқандары бар. Олар 20 жылдан бері лифтісіз қиналғандарын айтып тауыса алар емес. Дегенмен қомақты жобаны пәтер қожайындарының қалтасы көтермейді. Осыны ескерген жергілікті атқамінерлер арнайы бағдарлама ұсыныпты. Тың бастама облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің тапсырмасымен қолға алынған. Дегенмен пандемия кезінде жұмыс тоқтағанымен, жыл аяғына дейін 100 лифтіні іске қосуды жоспарлап отыр.  

Үш баласы бар Айнұр Бейсенова жетінші қабатта тұрады. Ол балаларын далаға шығаруда қиындықтарға тап болатынын айтады. Әсіресе жоғарғы қабатқа кішкентайларын көтеріп шығару үшін біраз күшін сарп ететін. Жуырда баспаналарына жаңа жеделсаты орнатқан. Бұл жаңашылдыққа бүкіл отбасы болып қуанғандарын жасырмайды.

Айнұр БЕЙСЕНОВА, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Өте қиын болды , жетінші қабатқа көтерілу 3 балам бар олардың коляскасы бар, жүктеріміз бар. Анамыз 79 жаста, бұрын көтерілгенде түскенде қиналып жүретінбіз.

Өңірдегі жеделсатылардың жұмысын жандандыру үшін жергілікті шенділер жаңа жобаны қолға алған. Облыс әкімдігі мен Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту  орталығы ортақ меморандум жасасқан. Бүгінде облыс бойынша 361 жеделсатының жұмысы тоқтап тұр. Оларды үш жыл ішінде іске қосу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін көпқабатты үйлерге 100 лифті орнатылмақ. Кезекте Балқаш, Теміртау, Абай, Саран қалалары тұр.

Данияр ДҮЙСЕМБАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫН ЖАҢҒЫРТУ ОРТАЛЫҒЫ ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
 
Қазіргі уақытта 7 нысанда жеделсатыны орнату жұмыстары аяқталып қалды. Жұмысқа пандемияның кесірі тиді. Осы кеселдің салдарынан жұмысымыз бір айдай тоқтап тұрды. Жүк көліктері тауарларды жеткізіп бере алмады. Әрі Беларуссиядағы зауыттың жұмысы да тоқтап тұрды. Бүгінде бұл қиындықтан өттік,жұмыс қайта жалғасын тапты.

Бір жеделсаты құны 12 млн теңгеге жуықтайды. Бұл қаражатты тұрғындар 8 жыл ішінде қайтаруы тиіс. Ай сайын 4500 теңгеден төлеп отыруға келіскен. Халық қомақты сомманы жинай алмағандықтан несиемен төлеудің оңтайлы екенін өздері ұсыныпты. Қарағанды облысында жүзеге асып жатқан мұндай пилоттық жоба өз жемісін берсе, кейін Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындада іске қосылмақ.

А. Еркебаева