Русский Сайттың толық нұсқасы

Ресей Қазақстанның үстінен Еуразиялық Одаққа шағым түсірді

  • AstanaTV
  • 04 қыркүйек 2020
  • 6946

Солтүстіктегі көршіміз бізге өкпелі. Ресей Федерациясы Еуразиялық Одаққа Қазақстанның үстінен шағым түсірді. Олар, темір шикізаты жеткізілмей қалғанына наразы. Қара темір рудасы жыл басынан бері дүрыс жеткізілмеген көрінеді. Ал, маусым айынан бері мүлдем тоқтап қалды. Оған не себеп? Ғалымжан Өтемісов мән-жайын анықтап көрді.

Қара металға бола, көршіміздің өкпесі "қара қазандай". Біз шикізаттың тиісті мөлшерін жеткізбей жатыр екенбіз. Келтірілген деректерге қарағанда, Қазақстан Ресейге жылына 1 млн тонна руда жеткізіп беріп отырыпты. Жағдай биыл өзгерген. Жыл басынан бері бар жоғы 300 мың тонна ғана сатыппыз. Бұл көршімізге ұнамады. Ресейлік БАҚ мұны әрине сынның астына алды. "Қазақтар Одақ шарттарын орындамай жатыр", деп жазды. Қазақстан шикізат жеткізуді маусым айында мүлдем тоқтатып тастапты. Бір қызығы қара металл тасымалы тоқтағанымен дайын болат өнімдері қаз-қалпында жеткізіле беріпті. Ресейді осы ойландырып тастаған.

Бұған Қазақстан билігі не дейді? Қара және түсті металдарды шетелге көлікпен тасуға Үкімет 2018 жылы тиым салып тастапты. Тасымал межесін тежеген себептің бірі осы, дейді Сапарбай Жұбаев. Дегенмен экономист, "Бұл байбалам салатын тақырып емес", деген ойда. Мұны көршілеріміз шағым түсірмей ақ шеше алады екен. Бірақ, Ресей "Ел естісін", деген болуы керек. Бұл түйіткүлді олар экономикалық Одақ арқылы қарастырғысы келген. Сапарбай Жұбаевтың пікірінше, шикізат жеткізілуінің тоқтауы Қазақстанның экспортқа рудадан бұрын дайын өнімді шығарғысы келетінін аңғартады, екен.

Сапарбай ЖҰБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Қарағандыдағы металлургия зауыты шикізат өндіруден дайын өнім өндіруге күш салып жатыр. Сондықтан, егер екі ел арасында қандайда бір келісім болған болса, бір ымыраға келу арқылы шешкен дұрыс.

Тасымалды біздің жақ жыл басында бәсеңдетіпті. Ресей билігіне алғашқылардың бірі болып Магнитогорск металлургия комбинаты шағымданған. Осыдан кейін басқалары да наразылықтарын танытты. Ресейлік компаниялар, "Шикізат тасымалын азайту арқылы Қазақстан дайын өнім экспортын өсіреді", деп қауіптенеді. Ал, нарықта оларға бәсекелес керек емес. Индустрия және инфроқұрылымдық даму министрлігі болса тасымалға тиым салынбағанын айтады. Тек көлікпен ғана тасуға болмайды екен.

Мадияр УАҚПАЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРОҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қара және түсті металл қалдықтарын экспортына қатысты өзге тыйымдар жоқ. Металлургия Қазақстан экономикасының негізгі салаларының бірі. Ел экономикасына қатты кері әсер еткен короновирусқа байланысты пайда болған жағдайды есепке ала отырып, отандық кәсіпкерлерді қолдап, олардың іркілістерін азайту маңызды шара.

Яғни, Үкімет бірінші орынға отандық кәсіпорындарды қойған. Ішкі нарық қанағаттанбай сыртқа руда тасу қисынсыз. Ал, Ресей шағымы Еуразиялық Одақта қашан қаралатыны әзірге белгісіз. Неде болса, көршілер арасында "қызық дау" болатыны анық.

Ғ.Өтемісов