Русский Сайттың толық нұсқасы

Құрбыларын тақырға отырғызып, ізін суытқан әйелге қатысты іс тоқтатылған

  • AstanaTV
  • 15 қыркүйек 2020
  • 3435

Нұр-сұлтандық тергеушілер алаяқтыққа қатысты істі жауып тастаған. Құрбыларын тақырға отырғызып, ізін суытқан елордалық әйел осылайша жазадан сытылып кеткен. Сан соғып қалғандар арнамызға осыны айтып шағымданды. Әліптің артын бақсақ, полиция күдіктіні іздемеген. Ал істі  "қылмыстық құрам жоқ" деген желеумен тоқтатқан. Қомақты қаржысынан айрылғандар енді не істемек? Қылмыстық іс жабулы күйі кете ме? Әріптесім Ғалымжан Өтемісов осы сауалдарға жауап іздеп көрді.

Арызданушылар бұл істі тергеушілер жарты жыл қарағанын айтады. Бірақ құзырлы органдағылар істі 3 ай бұрын жауып тастаған. Мұны естіген жәбірленушілер аң-таң. Бір шикілік бар екеніне күдіктенген.

Зүльфия ОҢҒАРОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Оказывается ешқандай жұмыс істемеген. Сүлейменованың атына детализация жібереміз деп еді оны да жібермеген. Және бір күдіктіден допрос алдық деп еді. Ол да өтірік болып шықты.    

Былығы көп істің ақ-қарасын білмек болып қалалық полицияға біз де сұрақ жолдадық. Бірақ оның жауабын алу оңайға соқпады. Ресми хат та әзірлеп, жолдаған едік. Араға апта салып сауалымызға жауап беретін маман табылды. Ал оның айтары қысқа болды.

Қасымхан АСАНҰЛЫ, НҰР-СҰЛТАН қ. АЛМАТЫ АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ ТЕРГЕУШІСІ:

Тергеп-тексеру барысында тараптардың уәждері тыңдалып, тексеріліп оған қатысты қылмыстық құрамның болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары тоқтатылды. Себебі дәлелдеу мүмкіншіліктері жойылған.

Бұдан бөлек полицейлер жәбірленушілер кеш арызданғанын жеткізді. Дегенмен жәбірленушілер қайтадан шағымдануына болады деп отыр. Арызын қайта жолдаса, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын қайта бастайтындарын айтты. Еске сала кетейік, елордалық әйел екі құрбысына үлкен соммада несие алып беруге уәде еткен. Ол қызметі үшін 2,5 миллион теңгесін алып, ізін суытыпты. Алданған жалғысбасты аналар қаңтар айында құқыққорғаушыларға арыз түсірген болатын.

Соңғы жылдары қулығына құрық бойламайтындардың қатары артып келеді. Ресми дерекке сүйенсек, «Гарант24 Ломбард», «Выгодный займ», «Estate Lombard-тың» арбауына түскендер саны 17 мыңнан асады. Бос үміттің артында кеткен қаржы көлемі 22 млрд теңгеге жуықтайды. 51 күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Жетеуі әлі де іздестірілу үстінде. Жәбірленушілерге мүлікті қайтару мәселесін алдағы уақытта сот шешпек.  

Санжар ӘДІЛОВ, ҚР ІІМ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Күдіктілерден 70 миллион теңгедей ақша тәркіленіп, қылмысты жүзеге асыру барысында алған түрлі мүліктеріне тыйым салынды. Олардың қатарында - 15 автокөлік, екі жүк самосвалы, екі автокран және қарда жүретін көлік, 29 пәтер, алты үй, үш жер учаскесі мен бес көлік тұрағы, бір кешен бар. Күдіктілердің тыйым салынған мүліктер екі миллиард теңгеге бағаланып отыр.


Министрліктің ақпаратынша, жыл басынан бері ішкі істер органдарында қаржы пирамидаларын құру және ұйымдастыру бойынша 217 қылмыстық іс тергелген. Оның 116-сы сотқа жолданыпты.   

Ғ.Өтемісов