Русский Сайттың толық нұсқасы

Жемқорлармен күрес заңын сенаторлар жақтырмады

  • AstanaTV
  • 17 қыркүйек 2020
  • 5415

Елде парақорлармен күрес күшейгенімен, нәтижесі көңіл көншітпейді. Парламенттің қос палатасы жыл сайын Заңға өзгерістер енгізеді.  Алайда, көлеңкелі қылмыс артпаса кеміді деп айту қиын. Сенат депутаттары бүгін де сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесін талқылады. Бірақ құжатты төменгі палатаға кері жөнелтті. Жемқорлармен күрес неліктен тиімсіз? Шенділер пара алуға не үшін құмартады? Қайтсек қылмыс азаяды? Тақырыпты әріптесім Ғалымжан Өтемісов зерттеп көрді.

Жыл басынан бері бір ғана Батыс Қазақстан облысында жемқорлыққа жол берген 25 шенеунік сотталған. Олардың дені құқыққорғау органдарының қызметкерлері. Дені пара алғаны үшін, бюджет қаражатын қалтаға басқан үшін айыпталған. Тағы 34 қызметкер мемлекеттік қызметке кір келтіргені үшін жазаланған.

Нұрдәулет САМЕТ, БҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Шешім қабылдау барысында жеке және заңды тұлғаларға заңсыз артықшылық танытқаны үшін – 15 адам, лауазымдық құзыретін пайдаланғаны үшін  - 9, тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін 18 қызметкер «Лауазымына толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түрінде жазаға тартылды. Ал 16-сы лауазымдарынан босатылған.

Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты тыю үшін, мәжіліс депутаттары жаңа жоба әзірлеп, жоғары палата ұсынды. Онда мемлекеттік қызметтегілерге құны қандай болса да, сыйлық сыйлауға тыйым салынбақ. Бірақ бұл өзгерісті Сенат қолдамады.

Андрей ЛУКИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:


Кодекске өзгерістер немесе толықтырулар енгізу Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілеріне толықтырулар енгізуді көздемейтін заңмен жүзеге асырылады. Осыған байланысты бұл заң жобасынан осы түзетулерді алып тастау қажет.


Заң жыл сайын күшейтіледі. Бірақ, көлеңкелі қылмыс азаяр емес. Сенат депутаттары заңды күшейту аздық етеді,-дейді. Бастысы қоғамдық сананы өзгерту. Ол үшін шенділер санын қысқартып, жалақыны көбейту керек деп отыр.

Айгүл ҚАПАРОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:


Мемлекеттік сананы, қоғамдық сананы өзгерту қажет болып жатыр. Мемлекеттік қызметкер ақшаны өзінің жеке қаржысы ретінде көрмеуі керек. Оны халықтың қаржысы деп көріп, сол жауапкершілікті сезінуі қажет.


Шенділердің пікірімен көпшілік келіседі. Алайда парақорлар азаяды деу, ақылға қонымсыз дейді.

БЛИЦ:

- Пара беріп, мәселені шешкен кездер болды, жасыратыны жоқ. Ол әлі күнге бар.  
- Жүргізуші куәлігін алу үшін ақша беру керек. Онсыз шеше алмайсың.
- Пара бер деп сұраған бірақ бермегенмін!
- Жоқ ондай болған жоқ.


Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:


Өздеріңіз байқағандай 5 адамның төртеуі өмірінде бір рет болсын пара беріп көрген. Ол әрекеттерін ақтайтын сөздері де бар. Парамен мәселе тезірек шешіледі,- дейді. Ал, "Пара берген емеспін", дегеннің өзі қоғамда осындай жүйе қалыптасып қалғанын мойындайды. Сонда біз Заңды түзеуіміз керек пе әлде қоғам санасын өзгертуіміз керек пе? Бұл нағыз қазақы аксиома!

Ғ.Өтемісов