Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған үй сыр берді

  • AstanaTV
  • 17 қыркүйек 2020
  • 2987

Сапасы сын көтермейді.  Қостанайда жарты жыл бұрын қолданысқа берілген жаңа үйдің сылағы түсіп, едені опырылып, төбесінен су тамшылап тұр. Баспананы ипотекаға алған тұрғындар не істерін білмей дал. Мердігер болса жөндеу жүргіземіз дегелі бірнеше ай өткен. Көпқабатты үйдегі көпшілік  арнамызға хабарласып, талап-тілектерін жеткізді.

Тұрғындардың алғашқы легі «Юбилейный» шағын ауданындағы он төртінші үйге осыдан алты ай бұрын қоныстанған. Бес қабатты жаңа үйдің жыры сол кезде-ақ басталыпты.

Елдос ДАСТАНОВ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Төбеден тамшы ағады. Аққан судың бәрі жерге құйылып, суағар дұрыс болмай тұр. Судың бәрі жертөлеге кіріп, суға толып кетеді.


Әсіресе, бесінші қабаттан баспана бұйырған әлеумет  сан соғып отыр. Жаңа пәтердің төбесінен жаңбыр суы тамшылап, қабырғасы көгере бастапты. Тұрғындар жас сәбилерінің денсаулығына алаңдаулы.

Зарина СҰЛТАНҒАЗИНА,ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жаңбыр жауса болды төбеден су тамшылайды. Пәтердің қабырғасы көгере бастады. Үнемі осылай.

Орынкүл АЙСИНА, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үйдің ішінде ылғал. Алдында ас бөлменің төбесінен аққан. Енді міне дәлізден ағып жатыр. Терезелері сапасыз. Жер үрлеп тұр. Кішкентай балаларымыз бар. Ертең қыста не істерімізді білмейміз.

Шаһар билігі тұрғындардың түйткілін біліп отыр. Тіпті, көпшіліктен шағым түскен соң арнайы комиссия құрған. Жуықарада бес қабатты үйдің кемшін тұстарын мердігер түзейді деді.  Егер жұмыс орындалмаса сотқа беруді де жоспарлап қойған.

Нұржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВ,  ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Тұрғындардың мәселесі бізге белгілі. Біз оны білеміз. Енді мердігерлерді хат арқылы ескерттік. Олар біздің хат бойынша жұмыс істемесе, сот арқылы жұмыс істеткіземіз.

Шағын аудандағы он төртінші үйді саоған құрылыс компаниясының кепілдік мерзімі 3 жыл. Мердігер бар кінәні субмердігерге артып отыр.    

Мақсат БЕГЕНЖОВ, ЖШС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Келісім- шарт бойынша субмердігерлер жұмыс істеген. Олар өз  міндеттерін орындамай жатыр. Сотқа бердік. Құрылыс барысында кеткен олқылықтарды жою үшін басқа  субмердігерлерді іздестіріп жатырмыз.

Мұндағы көпқабатты үйлердің көбі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бой көтерген. Тұрғындар баспананы ипотека арқылы иеленген. Олар енді сапасы сын көтермейтін пәтер үшін ай сайын қомақты несие төлеп отырғандарына қынжылады.

З. Санай