Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде үш бірдей көп қабатты үйдің тұрғындары жылусыз қалуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 21 қыркүйек 2020
  • 2304

Ақтөбеде көп қабатты баспаналар жылусыз қалуы мүмкін. Өйткені Батыс-2 ауданындағы үйлердің қазандықтары істен шыққан. Олар үш айдан бері ыстық сусыз отыр. Бұқарадан маза қашты. Олар жылусыз қаламыз ба деп қауіптенеді. Тұрғындардың жанайқайын аймақтағы тілшіміз Бақыт Рахметова тыңдап қайтты.

Ақтолқын Қарабалина бұл үйге үш жыл бұрын көшіп келген. Содан бері жаңа үйдің бір рахатын көрмедім дейді. Көп қабатты үйде үш айдан бері ыстық су жоқ. Одан қалды қазандықтарда істеп шығып, жылусыз отыр. Амалсыздан электр пеш пайдалануға мәжбүр.
 
Ақтолқын ҚАРАБАЛИНА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Мына қазандықтар істемейді. Суы ағып, ыстық су, мұздай сусыз отырамыз. Бір күн ыстық су болмайды, бір күн свет болмайды. Бір күн газ болмайды. Жыл сайынғы көретініміз осы. Мен өз басым дауысым қарлығып аурудан шыға алмай жүрміз осы.

Бұл арадағы үш бірдей көп қабатты үйдің күйі қазір тап осындай. Негізінен бұл үйді тұрғындар «Нұрлы жер» бағдарламасымен алған. Шаршы метрін 221 теңгеден 20 жылға несиеге рәсімдепті. Жалпы 345 пәтер бар, дені мүгедектер, көп балалы аналар мен мемлекеттік қызметкерлер тұрады.   

Бағдат МЫРЗАТАЕВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Бұл үйде көбіне мүгедектер, баласы мүгедек аналар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар тұрады. Енді біз қыста не істейміз? Қайда барамыз?! Бір жасқа толмаған сәбилер әне. Олар не істемек?!


Гүлнәр БЕГЕМБАЕВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Бізге тек жылу мен ыссы су істеп берсін болды. Күн салқын үй суық. Не возможно үйде тұруға ше. Кішкентай баламен балдарды су ысытып суға түсіреміз. Мысалға деген. Мүмкін емес мұнда тұруға.

Көп қабатты үйлердің жертөлесіндегі құбырлардан да су сорғалап тұр. Бір ай бұрын  тұрғындардың шағымымен әкімшіліктен арнайы комиссия келіп, тұрғын үйді тексеріп кеткен. Тексере келе баспаналардың кімнің балансында екенін таба алмапты.

Руслан ӘЖНИЯЗОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Ең басында КИК заказчик болған. «Солерс» компания застройщик болған. Енді «Солерс» үйді салды да КИК ке тапсырды. КИК бірақ оны өзің дұрыс қабылдамай, УК-9 тапсырып тастады. Сол процедураның өзі дұрыс емес. Заказчик КИК болған соң үй солардың балансында болу керек еді. Енді міндетін орындамаған жағдайда әкімшілік тарапынан және тұрғындар сотқа береміз.

Жергілікті әкімдік «Қазақстан Ипотекалық Компаниясына» арнайы хат жолдапты. Әзірге жауап жоқ. Әзірге олар қазандықтарды ауыстыруға демеушілер іздеудің қамына кіріскен.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Бұл үйлерге тұрғындар ай сайын кем дегенде 100 мың теңгеден ипотека төлеп отыр. Базыналы бұқара жауапты компаниядан мардымды жауап болмаса, жаппай несие төлеуден бас тартпақшы.

Б. Рахметова