Русский Сайттың толық нұсқасы

Елде адам саудасы азаймай тұр

  • AstanaTV
  • 21 қыркүйек 2020
  • 2446

Қызылорда облысында екі ер адам 55 жастағы әйелді бір апта бойы қамауда ұстап, зорлап келген. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі криминалдық полиция департаменті хабарлады. Қаскөйлер арам пиғылын қаладағы пәтерлердің бірінде іске асырған. Енді олар 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айрылуы мүмкін. Осыған ұқсас жағдай Алматыда да болды. Бір топ әйел кәмелетке толмаған қызды алдап, 5 ай бойы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлепті. Әлеуметтік желі арқылы саудаға салып отырған.

Думан ТАЕВ, ҚР ІІМ КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бұған қатысты Қылмыстық кодекстің 134-бабы 1-бөлімі "Кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер мүлкі тәркіленіп, үш жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Адам өмірін саудаға салатындар Нұр-Сұлтанда да көп. "Алайда, қылмыстың бәрі бірдей ашыла бермейді", дейді дағдарыс орталығының директоры Анна Рыль. Оның сөзінше, сексуалды құлдыққа түсетіндердің дені арыз жазудан бас тартады. "Жеңгетайлармен байланысты осылай ғана шорт кесуге" болады деп ойлайды деді. Орталықтан пана іздегендердің көбі де осындай тоқтам жасайды. Анна Рыль жыл басынан бері құлдықта болған 25 адамға қол ұшын создық деп отыр.

Анна РЫЛЬ, НҰР-СҰЛТАН қ. «ҚОРҒАУ» ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Ай сайын 3 адам хабарласады. Соның барлығына бірдей қолдау көрсете аламыз деп айта алмаймын. Алайда, қолдан келгенін жасаймыз. Бізде зардап шеккен адамды құлдыққа ұстағандардың өзі іздеп келген жағдайлары болды. Ондай кезде біз жергілікті полицияға жүгінеміз.  


Айта кетейік, соңғы 3 күнде адам саудасы байланысты 50-ден астам қылмыс анықталды. Оның ішінде кәмелетке толмағандарды сексуалды құлдықта ұстау, жеңіл жүріске итермелеу, қорғаны жоқтарды еңбек құлдығына сату деректері бар.  

А. Мүтәлі