Русский Сайттың толық нұсқасы

Шетелде оқитын қазақстандық студенттер грантынан айырылуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 23 қыркүйек 2020
  • 2826

Шетелде білім алатын қазақстандық студенттер грантынан айырылуы мүмкін. Өйткені, әуе компаниялары билет құнын бірнеше есеге қымбаттатып жіберген. Осының салдарынан жастар оқу орындарына жете алатын емес. Шетелдік оқу орындары болса бұл келеңсіздікке түсіністік танытпай отыр. Себебі дені біздегідей онлайн емес дәстүрлі түрде оқып жатыр. Тығырықтан шығудың жолы бар ма? Әлде студенттер елдегі жұмыссыздар армиясына қосыла ма? Айя Мүтәлі анықтап көрді.

Мектепті алтын белгімен тәмәмдаған Дидар биыл Мәскеулік ілгері білім ордаларының біріне оқуға түсті. Бірақ ол өзін әлі студент ретінде сезіне алар емес. Ресейде оқу дәстүрлі үрдіспен жүріп жатыр. Ал, Дидар болса жете алмай дал. Басында шекара жабық болған. Енді міне билет бірнеше есеге қымбаттап кетті.

Дидар МҰХАММЕДКӘРІМ, СТУДЕНТ:

Октябрьдің соңына дейін қарадым. Бәрібір билеттердің бағасы өзгермейді. 300 мың болып тұр. Ол ең арзан дегені. Ең қымбаты 1 млн болып тұрды. Оның менің қалтам, жалпы студенттердің қалтасы көтере бермейді.


"Қазанда қалай болсада жетемін", деп отырған жалғыз Дидар емес. Тиын санап билетке ақшасын жеткізе алмай жүрген студент көп. Кейбірі бас қосып тығырықтан шығудың амалын ізде бастапты. Соның бірі - бірігіп чартерлік рейс алу. Отандық әуе компанияларының бірі, "160 адам жинасаңдар ұшақ шығарамыз", деп уәде берген екен.

Әлібек АМАНҚҰЛОВ, СТУДЕНТ:

Чартердің бағасы барлығымыз үшін де тиімді. Рейсті толық жинасақ, әрқайсысымыздан 120 мың теңгеден шығады. Бірақ air astana бұл шарттарды толық орындағанымызбен, екі мемлекеттің билігі рұқсат бермесе, бұл рейсті іске асыру мүмкін болмайтынын ескертіп, хат жіберді. Біз сол жағын да  алаңдап отырмыз.

Осы мәселе бойынша біз «Air Astana» әуе компаниясына шықтық.  Алайда, олар чартерлік рейстің іске асу-аспауына қатысты ешбір ақпарат берген жоқ. Мәскеуге қатынайтын ұшақ билеттерінің құны да өзгермеді деді. Келесі айға жоспарланған рейстердің барлығы дерлік толғанын да хабарлады.

Тілек ӘБДІРАХИМОВ, «AIR ASTANA» ӘУЕ КОМПАНИЯСЫНЫҢ КОРПОРАТИВТІК КОММУНИКАЦИЯЛАР ЖӨНІНДЕГІ МЕНЕДЖЕРІ:


Екі ел арасындағы рейстерге билеттер тапшылығы ұшу жиілігіне шектеу кезең-кезеңмен алынған сайын жойылады деп үміттенеміз.


Халықаралық әуе билеттері соншалықты неге қымбаттағанын студенттер түгіл шенеуніктер түсінетін емес. Әлді түсінгілері келмеді ме?! Саны көп министрліктер мен агенттіктер мәселені бір-біріне сілтеп жарты күндік уақытымызды алды. Ақыры Мәжіліс депутаттарына жүгіндік. Дәния Еспаева, жастар мәселесін Парламент қабырғасында көтеремін деп сөз берді.

Дәния ЕСПАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Бұл мәселе өте өзекті мәселе. Сондықтан біз партия атымыздан бұл сұрақты көтереміз деп сізге уәде беремін.

Сайып келгенде, халықаралық әуе билеттері жақын күндері тұрақтай қоймайтын сияқты. Оған ғаламтордағы сайттар куә. Күн сайын өсіп жатыр. Жолдан қалған студенттердің жиған-тергені ол бағаны жете алмайтын сынайлы. Жастардың ендігі үміті Парламент пен Үкіметте.

А. Мүтәлі