Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада жыл басынан бері 13 мың жаңа жұмыс орны ашылған

  • AstanaTV
  • 24 қыркүйек 2020
  • 2548

Елордада соңғы жарты жылда 13 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Жыл соңына дейін тағы 2 мың адамның екі қолына бір күрек ұстату жоспарда бар. Қалалық жұмыспен қамту орталығы Еңбек бағдарламасын іске асыруда. Бұл туралы Президенттің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі атты» жолдауы арқау болған дөңгелек үстелде белгілі болды.

Жиынға қатысушылар сөзден іске көшетін сәт жетті деді. Олар еститін мемлекетті құру концепциясын іске асыруды жандандыруды ұсынды. Тұрғын үй, денсаулық сақтау және білім саласындағы жобалар жақсы, алайда оны жүзеге асыруда кемшіліктер бар,-деді. Сондықтан, жоспарланған бағдарламаларды ұтымды әрі нақты жүзеге асыру кезек күттірмейтін мәселе деп отыр.

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ, «БАС РЕДАКТОРЛАР КЛУБЫ» ҚБ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қоғамды өзгерту үшін, адамның өзі де өзгеруі тиіс. Сонда ғана Жолдау болсын өзге де бағдарламалар болсын іске асады. Өз өмірімізді өзгертуге тырыспасақ, ештеңе де өзгермейді. Қоғам алға ұмтылуы керек.

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, "SAKHARA" ГАЗЕТІ БАС РЕДАКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Үй мәселесі адам үшін ең басты мәселе, егер бұл түйіткіл шешілмесе онда "Аңсаған сәби" де қажет емес. Себебі баспана мәселесі шешілмесе басқа бағдарламалардың қажеттілігі шамалы. Сондықтан бүгінгі күні ең өзекті ең қажетті мәселе осы. Мұны бәсекелестік ортаға беру асығыстық сияқты.

Пандемия кезінде экономика тұралап қалды. Десе де халықты жұмыспен қамту ісі жалғасып жатыр. Мәселен бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында жыл басынан бері 13 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Қалалық жұмыспен қамту басқармасы өкілдері жыл соңына дейін тұрғындардың әлеуметтік жағдайын арттыруды әрі қарай жалғастыруға ниетті.  

Азамат БАЙТАСОВ,  НҰР-СҰЛТАН қ. ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жұмыс тәжірибесі жоқ орта арнаулы және жоғары оқу орындарының түлектері үшін жастар практикасы сияқты бағдарламалар бар. Мемлекет жалақы төлейді, біздің түлектеріміз тек жұмыс істейді, алғашқы тәжірибесін алады. Сондай-ақ, әлеуметтік жұмыс орындары бар. Бұл жұмыс берушілер үшін Қолдау, жалақының 35 пайызын мемлекет жұмыскерлерге төлейді.

Бұдан бөлек жиында ұлттық идеологияны қалыптастыру тетіктері де қаралды. Спикерлер жастар мен қарттар арасындағы байланысты нығайтудың нақты жолдарын ұсынды. Ұсыныстар топтастырылып, Үкіметке жолданбақ.

Ғ. Өтемісов