Русский Сайттың толық нұсқасы

Елдің екі облысында мектептер карантинге жабылды

  • AstanaTV
  • 25 қыркүйек 2020
  • 3000

Қазақстандағы кезекші сыныпқа баратын 16 баладан коронавирус анықталды. Өкінішке қарай, балабақшадағы бүлдіршіндерді де аты жаман ауру айналып өтпепті. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі осыны жеткізді. Бұдан бөлек, індет еңбек ұжымдарында да жоғары қарқынмен тарап жатыр. Әріптесім Асылбек Данияр толықтырады.  

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Індеттің зардабы балаларға да тие бастады. Бүгінде мектептің кезекші сыныбында оқитын 16 бала аталмыш дертке шалдығыпты. Оның 12-і жағдайы Солтүстік Қазақстан облысында анықталып отыр. Біреуі - балабақша тәрбиеленушісі.

Бағдат Қожахметовтың айтуынша, балалар үйде емделіп жатыр. Барлығы кеселді жеңіл түрде өткізуде. Облыстың білім және денсаулық сақтау басқармалары дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп жатқанын жеткізді. Қазір Шығыс пен Солтүстік Қазақстан облыстарында COVID-19 шыққан оқу ордалары 14 күндік карантинге жабылған.

Бағдат ҚОЖАХМЕТОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:


16 баладан КВИ табылды. Осы оқу орындары мен балабақшалар жабылды. Сіздер білесіздер, өзінің ережесі бойынша  14 күнге. Барлық сол мектеп жұмыс істейтін мұғалімдер тәрбиешілер және балалардың отбасындағы мүшелері түгел ПТР тапсырып бақылауға алынды.

Вирус спортшыларды да айналып өтпеген.  Отандық "Барыс" командасының 19 хоккейшісінің ПТР сынамасы кеселдің барын көрсеткен. Айта кетейін, хоккейшілердің 4 қазан күні өткізуі керек болған ойыны кейінге қалдырылды. Апта басында денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова қызметінен босатылған болатын. "Мұның себебі, басқа жұмысқа ауысуына байланысты", деп түсіндірді әріптесі.

Бағдат ҚОЖАХМЕТОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Ешқандай қылмыстық іс немесе басқа да бір жағымсыз істер жоқ екенін дәлелдеп беруге дайынмын.

Республика бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 107 мыңнан асты. Оның 95 пайыздан көбін жазылып шықты. Ауру құрбаны: 1715. Ал, індет белгілері бар өкпе қабынуына шалдыққандар 32 мыңға жуық. 347 өлім жағдайы тіркелді.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Министрліктің таратқан мәліметіне сәйкес, ауруханада жатқан 98 адамның жағдайы нашар. Ем алып жатқандар арасында 40 кәмелеттік жасқа толмаған бала бар.

А. Данияр