Русский Сайттың толық нұсқасы

Семейдегі ядролық медицина орталығының мәселесіне нүкте қойылуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 21 қыркүйек 2017
  • 3468

Маңызды нысандардың бірі - Семейдегі ядролық медицина орталығының мәселесіне нүкте қойылуы мүмкін. Оның қолданысқа берілуі тым созылып кеткен еді. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді. Сұйық радиоактивті қалдықтар жүйесін бақылайтын компанияның лицензиясы жоқ екені анықталып отыр. Бұдан бөлек, компанияда жобаға мүлде сәйкес келмейтін құрылғылар қолданылған. 

Бастапқы құны 7 миллиард теңге болатын ядролық медицина орталығы 2015 жылы іске қосылады деп жоспарланған. Алайда, құрылыстағы олқылықтар мен медициналық құрылғымен жабдықтаудағы кемшіліктер салдарынан әлі күнге дейін науқас қабылдай алмады. «Медтехника» АҚ сұйық радиоктивті қалдықтарды жинап, сақтау жүйесін орнатқан. Бірақ ол жобаға сәйкес келмейтін болып шықты. Германиядан жеткізілуі тиіс жүйенің, шын мәнінде, Шымкентте жасалғаны анықталды.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Біз тағы бір комиссия құрамыз. Осыған дейін сегіз сарапшы болды. Олар ыдыстардың радиологиялық қауіпсіздік талабына сай келмейтінін анықтаған. Мұның барлығы алмастырылады. Адамдардың қауіпсіздігі - басты назарда. Мәселе жуық арада шешімін табады.

Семейді жылумен қамту да - маңызды мәселенің бірі. Шаһар биылғы маусымға 100 пайыз дайын деуге болады. 865 көпқабатты үйдің 81%-ында әзірлік паспорты бар. Жылу орталығына жөндеу жүргізу көзделген. Бұл жұмысқа облыстық бюджеттен 162 миллион теңге бөлінді. ТҮКШ өкілдері мәлімдегендей,  әзірлік шаралары қазанның 15-іне дейін тәмәмдалмақ. Жылыту маусымы басталғанда, үйлерге ыстық су да беріледі.

Расылхан Жолдасов, "Теплокоммунэнерго" МКК басқарушысы:

Бүгінде жылумен қамту нысандары толық дайын. Қатты отынның 50 мың тоннасы бар.  Дүйсенбіден бастап қазандықтарға жеткізілмек. Қыркүйектің 28-інен бастап от жағамыз. Бұдан соң әзірлік паспорттары бойынша тұрғын үй қорына жылу бере бастаймыз.

Қала активімен кездесу барысында облыс әкімі тағы бір жаңалықты жария етті. 2018 жылдан бастап Семейде ыстық су жазғы уақытта да беріледі. Шаһар халқы 20 жыл бойы жазда ыстық сусыз отырды. Ал келер жылдың шілдесінен әуежай жұмысын бастайды. Бұл нысанға 40 жыл бойы жөндеу жүргізілмеген. 

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Семейде 3-А категориясы талабына жауап беретін керемет әуежай пайда болады. Қауіпсіздік деңгейі жоғары, инфрақұрылымы жаңа нысан салынады. 40 жылдан бері жыр болған мәселені шешеміз.

Су жаңа әуежай әлемдегі ірі орталықтармен сенімді әуе байланысын қамтамасыз етіп, өмір сүру сапасын жақсарта түспек.