Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда жылу беру маусымы басталды, алайда 160-қа жуық үй дайын емес

  • AstanaTV
  • 21 қыркүйек 2017
  • 2373

Керекуде жылыту маусымы басталды. Алайда, 160-қа жуық көп қабатты тұрғын үйдің науқанға дайын еместігі анықталды. Жылуға жауапты кәсіпорын өкілдерінің сөзінше, мұндай қиындық тек биылғы жылдың мәселесі емес. Проблема жыл сайын туындайды. Сылбырлықтың себебі неде? Әсемгүл Мұхитқызы анықтап көрді.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Павлодарда қыркүйектің 18-нен жылу беру маусымы ресми түрде басталды. Жергілікті билік  биылғы науқанға ертерек қамдануын өңірдегі климаттық жағдаймен түсіндіреді. Дегенмен, кейбір пәтер иелер кооперативтері әзірлік шараларына салғырттық танытқан. Салдарынан қаладағы 1300-ге жуық көп қабатты үйдің 160-ы алдағы науқанға дайын болмай шықты.

Сергей Панихин, «Павлодар жылу желісі» ЖШС бас директорының орынбасары:

Бұл тұрғын үйлердің дайындығын нөл деп айтуға болады. Әсіресе, үй комитеттері құрылмаған, барақ типінде салынған ескі үйлердің әзірлігі тым нашар. Біз оларды назарда ұстап отырмыз. Дегенмен, мәселені бірінші кезекте тұрғындардың өздері көтеріп, шешуі қажет.

Жылуға алдымен әлеуметтік нысандар қосылған. Бүгінгі күнгі қаладағы 45 балабақша,18 мектеп, 16 емдеу және 9 білім беру мекемесі жылумен қамтылған. Қыркүйектің 22-сінен көп қабатты тұрғын-үйлерге жылу беріле бастайды. Оның өзі бекітілген кестенің аясында жүргізілмек. Мамандардың есебінше, күніне 50-60 баспана жылу жүйесіне қосылатын болады. Ал, жылуға қосылуға дайын емес үйлер соңғы кезекте қамтылмақ.

Қизат Жақұпов, тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

Бұл үйлерде ағымдағы жөндеу мен инженерлік желілерді ауыстыру сынды жұмыстар ғана атқарылған. Жылу желілерін шаю, оны қысыммен тексеру және құрылғыны орнату сынды жұмыстар жүргізілмеген. Көбісі үй комитеттеріне қарайды, алайда сервистік ұйымдарға бекітілмеген.

Орын алған жайтқа қатысты ПИК өкілдерінің айтар өз уәжі бар. Мәселен, дайындығы нөл деп бағаланған «Ақбота» кооперативіне қарасты мына үйдің жылыту жүйесі тым  ескірген. Салдарынан қыс бойы құбырлардан су ағып, пәтердегі жылу көрсеткіші тиісті межеге жетпепті. ПИК төрағасының айтуынша, бүгінде жертөледегі коммуникация түгел жаңартылып жатыр. Бұған 600 мың теңгедей қаржы жұмсалыпты. Бәрі ойдағыдай болса, қабылдау актісі бірер күнде қолына тимек. 

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Жылуға жауаптылардың айтуынша, Павлодардағы жылу желісі жүйесінің ұзындығы 700 шақырымды құрайды. Алайда, оның 78 пайызының әбден тозығы жеткен. Жыл сайын 9 жарым шақырым желі жөндеуден өтеді. Алайда, жағдайды жақсарту үшін кем дегенде 25 км құбыр қалпына келтіруді қажет етеді.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ