Солтүстік Қазақстанда өлген құстардың саны 700 мыңға жетті. Бірақ, "Құс тұмауы" олардың 200 мыңынан ғана ресми түрде расталды. Ал, қауіпті дерт болса қанатын кеңінен жайып келеді. Облыста карантинге жабылған ауылдардың саны күннен күнге өсіп жатыр. Жабайы қанаттылардың өлекселері Петропавлдың ішінен де табылып жатыр. Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкиннің репортажы.
Теріскейде жағдай күннен күнге күрделеніп барады. Өңірді жаулаған құс тұмауынан жабайы құстар да зардап шегіп отыр. Қырылып жатқан дала құстары туралы видео интернетте қаптап жүр.
Ірі шаруашылықтардың да жағдайы мәз емес. Мына қожалықтың мысалға жарты миллион құсы қырылып қалған. Ветеринарлар болса, "Тауықтардың бәрі құс тұмауынан өлген жоқ", дегенді алға тартып отыр.
Александр ПРЯДКО, ҚҰС ФАБРИКАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Біз ветеринарлардың барлық талаптарын орындадық. 500 мың құс бір аптада қырылып қалып, біз оларды өртеп жібердік. Енді ветеринарлар оның құс тұмауынан өлгеніне сенбей отыр. Маған барлық құсқа өтемақы керек емес. Тек жұмысшылардың жалақысы мен балапандарды сатып алуға жететін қаражат берсе болды. шамамен 250 миллион теңге.
Құзырлы органдар бұл компанияға қатысты әлі нақты шешім шығармағанын айтады. Дегенмен олар, жағдайдың ушығып бара жатқанын растайды. Ахуалы қиындаған кәсіпорындар арасында Бескөлдегі құс фабрикасы бар екен.
Олжас БОЛЫСПАЕВ, СҚО ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бүгінде облыс бойынша 198 мың құс қырылып қалған. Оның 15 мыңы жеке үйлерге тиесілі болса, қалған 183 мың құс Бескөл құс фабрикасында өлген. Күнделікті жасалатын сараптама қорытындысына қарасақ, өлген құстың саны күнде өсіп жатыр. Өңірге 873 мың доза вакцина бөлінді. Біз 229 мың қанаттыға екпе жасадық.
Ресми мәліметтерге сенсек, құс тұмауы өңірдің 13 ауданына тарап, 30 ауылда карантин режимі жарияланды. Демек, бұл ауылдардан құстың өзін және құс өнімдерін шығаруға тыйым салынған. Қазір құзырлы органдар аталған елді-мекендерде арнайы бекеттер орнатып жатыр. Петропавлдің өзінде де қырылып жатқан құс аз емес.
Марат ЫБЫРАЕВ, ҚР АШМ ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ КОМИТЕТІ СҚО АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Қаланың ішіндегі өліп жатқан құстардан оның пробалары алынып, зертзанаға жіберіліп, оның жұмысы әлі жалғастырылып жатыр. Бірақ осы күнге дейін әлі дәлелденген жоқ. Қаланың ішінде және басқа ауылдарда осындай оқиға болса, дәлелденсе карантин қойлады.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Егер вирустың белгілері қала ішінен табылса, онда шаһар карантинге жабылып, тұрғындардың қатынауы қиындай түспек. Себебі, құстың өлген жері оқшауланып, сол аралық немесе нысан түгел жабылуы мүмкін, дейді сала мамандары.
А.Құрманкин