Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан бойынша 8 мың педагог тапшы

  • AstanaTV
  • 30 қыркүйек 2020
  • 2437

"Әрбір жоғарғы оқу орны өздері берген дипломын бағалай білуі керек". Төменгі палата спикері Нұрлан Нығматулин бүгін, дипломды басып шығаруға еркіндік алған білім ордаларына осындай ескерту жасады. Ол, "Білім беру сапасы бұдан былай орындарына жүктелетінін және университеттердің қызметі әрдайым бақылауда болатынын жеткізді.

Оқу орындарындағы Мемлекеттік грантты еңбекпен өтеу төңірегіндегі пікір-талас басылар емес. Дені, «Бюджет есебінен білім алғандар шығынның орнын толтырсын", дегенді алға тартады. Мұндай міндет негізінде медицина және педагогика мамандарына қойылған. Бұл сала түлектері 3 жыл бойы мемлекеттік мекемелерде қызмет етуі тиіс. Шала-жансар заңды депутаттар енді тағы өзгертпек.

Әбдіманап БЕКТҰРҒАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "NUR OTAN" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мемлекеттік білім беру тапсырысында білім алған азаматтар бүкіл кезеңде – барлық үш жылды да жұмыспен өтейтін болады. Ал білім алушылар ішінара, яғни бір бөлігін ақылы негізде – мемлекеттік бюджет есебінен оқу кезеңіне мөлшерлес өтейтін болады.

Грант мәселесі ғана емес диплом жыры да Мәжілісті кәдімгідей алаңдатты. Өйткені, елдегі әр жоғарғы оқу орны келер жылдан бастап түлекке өз дипломын ұстатады. Осының арқасында Білім министрлігі жоғарғы оқу орындары арасындағы бәсекелестікті арттырмақ. Бұл ойды Мәжіліс төрағасы да қолдайды.

Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:


Әрбір ЖОО өздері берген дипломын бағалай білуі керек. Осыған байланысты жоғары оқу орындарында білім беру жетістіктеріне мониторинг жүргізу қаншалықты орынды деген сұрақ туындайды? Оның үстіне, бұл мониторинг қандай да бір ЖОО-ның білім беру бағдарламаларының сапасы туралы ешқандай түсінік бермейді. Тағы бір айта кететін жағдай, білім беру қызметін бақылау керек. Енді университеттер бақылаусыз қалуы мүмкін деген жалған пікір қалыптаспауы керек.

Білім жүйесіндегі "бас ауруға айналған" мәселенің тағы бірі – мұғалім тапшылығы. Осы күнде еліміз бойынша 8 мың педагог жетпейді екен. Мұның негізгі себебінің бірі мардымсыз жалақы және оқу сағатының аздығы. Мұны түлектер жақсы біледі. Сондықтан болар ақылы бөлімде білім алған 42 мың педагогтың бірі ауылға ат терлетіп бармайды. Мұндай тиімсіз ережеге тек грантпен оқып шыққан мамандар көнеді. Оның өзі амалсыздықтан.

А. Мүтәлі